Қазақстанның құқық қорғау органдары Pin-Up букмекерлік бизнесіне қатысы бар делінген Дмитрий Пунин мен Марина Ильинаға халықаралық іздеу жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы мәлімет Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары порталында жарияланды.
Порталдағы ақпаратқа сәйкес, екі адамға қатысты іздеу ісі 2026 жылғы 30 қазанда тіркелген. Іздеуге Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) бастамашы болған. Ал оларды іздестіру Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жүктелген.
Дмитрий Пунин 1985 жылғы 8 ақпанда, ал Марина Ильина 1989 жылғы 11 ақпанда дүниеге келген. Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, ерлі-зайыпты және Кипрде тұрады. Олар құмар ойын бизнесінің түпкі бенефициарлары, яғни одан негізгі пайда көретін адамдар болуы мүмкін.
Заңсыз жұмыс істеген PIN-UP және PINCO онлайн-казиноларына қатысты іс бойынша бұған дейін де іздеу жарияланған адамдар бар.
2026 жылғы ақпанда Қаржы мониторингі агенттігі АҚШ азаматы Дмитры Дружинскы мен Украина азаматшасы Марина Левковичке (Гинзбург) іздеу жариялағанын хабарлаған еді.
Тергеу мәліметінше, онлайн-казинолардың жұмысын шетелде жүрген бір топ адам өзара байланысы бар компаниялар арқылы ұйымдастырған.
ҚМА дерегіне сүйенсек, Дружинскы мен Левкович бұл жұмысты үйлестірген. Олар заңсыз іске көмектесетін адамдарды тауып, төлем ұйымдары мен екінші деңгейлі банктердің өкілдерімен байланыс орнатқан. Сондай-ақ, ойыншылардан ақша қабылдап, оны сыртқа шығару жүйесін құруға қатысқан.
Ведомство мәліметінше, заңсыз әрекеттерді жасыру үшін «Бонами» ЖШС құрылған. Бұл компания PIN-UP.KZ брендімен букмекерлік қызмет көрсетуге мемлекеттік лицензия алған.
Ақша аударымдары Gold Pay және Cyber Pay төлем ұйымдары арқылы жүргізілген. Кейін Cyber Pay компаниясының атауы Pinnacle Financial Solutions болып өзгертілген.
Тергеу барысында онлайн-казино ойыншыларының ақшасы алдымен аралық шоттарға жиналғаны анықталған. Кейін бұл қаражат электрон ақшамен операциялар жүргізуге лицензиясы бар өзара байланысты компаниялар арқылы криптовалютаға айырбасталған.