Әлемнің ірі экономикалары бас қосқан жиында Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров дипломатиялық келіспеушіліктің ортасында қалды. Польша Вашингтоннан арнайы шақырту алса, Украина келіссөздерден тыс қалды. Ал АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио әлемдік экономикалық тәртіпке төніп тұрған қауіптерді атады.
Әлемнің ірі экономикаларының сыртқы істер министрлері саяси қайшылықтардың халықаралық саудаға, энергетика мен инвестицияға ықпалы артқан кезеңде Атлантада бас қосты. G20 отырысының алғашқы күнінде-ақ дипломатиялық келіспеушілік хаттамаға да әсер етті. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың қатысуына байланысты дәстүрлі ортақ суретке түсу рәсімі өтпей қалды. Еуропаның бірқатар елінің өкілдері Ресей министрімен бірге суретке түсуден бас тартты.
Соған қарамастан, Лавров АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио төрағалық етіп отырған келіссөздерге қатысты. Атлантадағы жиын екі күн бойы - 30-31 қазанда өтеді. Қатысушылар геосаяси дағдарыстарды, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін, халықаралық сауда мен әлемдік экономиканың тұрақтылығын талқылайды.
Жиынды ашқан Марко Рубио Атлантаға келген делегацияларды қарсы алып, әлем бір-бірімен сабақтас бірнеше дағдарысқа тап болғанын ескертті.
– Біз аса маңызды кезеңді бастан өткеріп отырмыз. Бұл тек менің елім үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды. Қазір әлемдік экономикалық тәртіптің негізгі тіректеріне нақты қауіп төндіретін, өзара байланысты бірқатар экономикалық және геосаяси дағдарыспен бетпе-бет келіп отырмыз, – деді АҚШ мемлекеттік хатшысы.
Рубионың айтуынша, әлемдік энергетика және азық-түлік нарықтарына, сондай-ақ халықаралық жеткізу тізбектеріне түсетін қысым күшейіп келеді. Ол G20 мүшелерін экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік беретін нақты шешімдер іздеуге шақырды.
– Біз әлемдік деңгейдегі көшбасшылармыз, сондықтан маңызды рөл атқаруға тиіспіз. Біздің міндетіміз – өзіміз өкілдік ететін елдердің мүддесін қорғай отырып, ортақ мәселелердің шешімін бірлесіп іздеу, – деп атап өтті Рубио.
Мемлекеттік хатшы министрлер талқылайтын мәселелерді де атады. Олардың қатарында теңіз жолдарындағы кеме қатынасының еркіндігі мен азық-түлік қауіпсіздігі бар. Сонымен бірге ол келіссөздердің оңай болмайтынын мойындады.
– Бұл талқылаулардың оңайға соқпайтынын түсінемін, – деді Рубио. Ол делегацияларды бөлінген уақытты барынша тиімді пайдалану үшін отырыс тәртібін сақтауға шақырды.
Оның сөзі экономикалық мәселелерді геосаяси қайшылықтардан бөліп қарау мүмкін болмай отырған жиынның жалпы бағытын айқындады.
Жиынға қатысушылардың ішінде ең көп назар аудартқандардың бірі – Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров. Оның АҚШ-қа сапары Ресейдің Украинаға қарсы соғысы жалғасып, Батыс елдері Мәскеуге қарсы санкцияларды сақтап отырған тұста өтіп жатыр.
Лавровтың қатысуына Еуропаның бірқатар өкілі қарсылық білдірді. Reuters пен Associated Press агенттіктерінің хабарлауынша, кейбір министрлер Ресей СІМ басшысымен бірге суретке түсуден бас тартқан соң, ұйымдастырушылар G20-ның дәстүрлі ортақ фотосуретін түсіру рәсімін тоқтатқан.
Алайда дипломатиялық келіспеушіліктер негізгі отырыстардың өтуіне кедергі келтірген жоқ.
Басты сессия басталар алдында журналистерден залдан шығу сұралды. Ашық трансляция тоқтатылып, келіссөздер жабық есік жағдайында жалғасты.
Бұл жағдай G20 алдында тұрған қайшылықты аңғартады: саяси текетіресі шиеленіскен мемлекеттер әлемдік экономикаға ортақ әсер ететін мәселелерді талқылау үшін бәрібір бір үстел басына жиналуға мәжбүр.
Жиынға қатысушылардың қатарында Польша сыртқы істер министрі Радослав Сикорский де бар. Польша G20 құрамына кірмейді, бірақ 2026 жылы бірлестікке төрағалық етіп отырған АҚШ-тан арнайы шақырту алды.
Белгілі болғандай, Сикорский үш пленарлық отырыста сөз сөйлеп, екіжақты форматта 15-ке жуық кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Ол Үндістан, Бразилия, Мексика, Сауд Арабиясы және Оңтүстік Корея өкілдерімен кездесуі мүмкін.
Варшава үшін G20 жиынына қатысу дипломатиялық қана емес, экономикалық тұрғыдан да маңызды. Соңғы онжылдықтарда Польша Еуропалық одақтағы ірі экономикалардың біріне айналды. Елдің атаулы ішкі жалпы өнімі 1 триллион доллардан асты. Польша билігі бұл көрсеткішті халықаралық экономикалық келіссөздердегі ел ықпалын кеңейту қажеттігін негіздейтін дәлелдердің бірі ретінде алға тартып отыр.
Дегенмен арнайы шақырту Польшаға G20-ның тұрақты мүшесі мәртебесін бермейді. Осы тұста Украинаның жиынға қатыспағаны да назар аудартады. Associated Press агенттігінің мәліметінше, Киев Атлантадағы кездесуге шақырту алмаған. Ал бұған дейін Украина өкілдері G20 аясындағы жекелеген іс-шараларға қатысқан еді.
Бұл жолы бірлестіктің тұрақты мүшесі саналатын Оңтүстік Африка Республикасы да жиынға қатыспады.Қатысушылар құрамы төрағалық ететін елдің шешімдері күн тәртібіне ғана емес, келіссөздердің дипломатиялық форматына да ықпал ететінін тағы бір аңғартты.
АҚШ-тың G20-ға төрағалығы үш экономикалық басымдықты айқындады. Олар: реттеуші кедергілерді азайту, энергия ресурстарын қолжетімді әрі тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету, жаңа технологиялар мен инновацияларды дамыту.
Алайда бұл бағыттардың астарында нарық, ресурс және технологиялық көшбасшылық үшін бәсекелесіп отырған мемлекеттердің мүдделері жатыр.
АҚШ пен Қытай озық технологиялар саласындағы бәсекесін жалғастырып келеді. Еуропа елдері осал энергетикалық және сауда бағыттарына тәуелділікті азайтуға ұмтылуда. Ал Батыс санкцияларына ұшыраған Ресей халықаралық экономикалық жүйедегі орнын сақтап қалуға тырысып отыр.
Энергия ресурстарын жеткізу, азық-түлік қауіпсіздігі және халықаралық теңіз жолдарындағы кеме қатынасының еркіндігі ерекше маңызға ие. Сауда бағыттарының бұзылуы, энергия бағасының өсуі немесе жеткізу тізбектеріндегі іркілістер дағдарыс ошағынан мыңдаған шақырым қашықтағы елдердің экономикасына да әсер етуі мүмкін.
Сондықтан G20 халықаралық экономикалық дипломатияның негізгі алаңдарының бірі саналады. Бірлестікке 19 мемлекет, Еуропалық одақ пен Африка одағы кіреді. Олардың үлесіне әлемдік жалпы ішкі өнімнің шамамен 85 пайызы және халықаралық сауданың 75 пайыздан астамы тиесілі.
G20-ның басты міндеті – экономикалық саясатты үйлестіру, қаржы дағдарыстарының алдын алу және әлемдік экономикаға әсер ететін мәселелерді бірлесіп шешу.
Дегенмен бірлестік қабылдаған шешімдер халықаралық заң күшіне ие емес. Олардың маңызы қатысушылар арасындағы саяси келісімдерге және мемлекеттердің сол уағдаластықтарды орындауға қаншалықты дайын екеніне байланысты.
Қазақстан «Үлкен жиырмалыққа» кірмейді. Соған қарамастан, бірлестікке мүше елдердің экономикалық шешімдері еліміздің мүддесіне тікелей әсер етеді.
Қазақстан – уран өндіруден әлемдегі жетекші елдердің бірі, мұнай экспорттаушы мемлекет әрі стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалардың мол қорына ие. Ірі державалар маңызды минералдар, энергетикалық ресурстар мен жаңа технологиялар үшін бәсекеге түсіп жатқан шақта бұл артықшылықтардың мәні арта түседі.
Көлік-логистика саласының да маңызы зор. Қазақстан Қытайды, Орталық Азияны және Еуропаны жалғайтын бағыттардың тоғысында орналасқан. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту сауда байланыстарын кеңейтіп, экспорт бағыттарын әртараптандырудың бір жолы ретінде қарастырылады.
Алайда Қазақстан ресурстарына халықаралық қызығушылықтың артуы өздігінен экономикалық пайда әкелмейді. Астана үшін шетелдік инвестицияның шарттары, өңдеу өнеркәсібін дамыту, технология алмасу және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері аса маңызды. Сондықтан Атлантада талқыланып жатқан мәселелер дипломатиялық мәлімдемелермен ғана шектелмейді. Олар Қазақстан экономикасының болашақ құрылымына және халықаралық өндіріс тізбектеріндегі орнына тікелей қатысты.
Атлантадағы министрлер жиыны 14-15 желтоқсанда Майамиде өтетін G20 көшбасшылары саммитінің қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Саммитке АҚШ президенті Дональд Трамп қатысады деп күтілуде. Шақырылған мемлекет басшыларының қатарында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бар.
Алдағы кездесу Қазақстан үшін әлемнің ірі экономикаларымен инвестиция, энергетика, стратегиялық маңызы бар минералдар және технологиялық ынтымақтастық мәселелерін талқылауға қосымша мүмкіндік болуы мүмкін.
Әзірге басты назар Атлантадағы жиында. Марко Рубио қатысушыларды ортақ шешім іздеуге шақырып отыр. Сергей Лавров Еуропа елдерінің қарсылығына қарамастан келіссөздерге қатысуда. Польша G20 мүшесі болмаса да, келіссөз үстелінен орын алды. Ал Украина жиынға шақырылған жоқ. Мұның бәрі экономикалық мүдделері өзара тығыз байланысқан мемлекеттердің өзінде ортақ мәмілеге келу қаншалықты күрделі екенін көрсетеді.
Атлантадағы кездесудің басты сауалы – министрлердің қандай мәселелер бойынша келісімге келетіні ғана емес. Геосаяси қайшылықтар толастамай тұрған шақта әлемнің ірі экономикалары сол уағдаластықтарды нақты шешімдерге айналдыра ала ма? Мәселе осында.
30 қазан, Атланта, Джорджия штаты