Атлантадағы G20 елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуінде келіспеушілік туындады. Жиынға қатысушылар дәстүр бойынша естелік суретке де бірге түсе алмады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Reuters агенттігінің мәліметінше, бірқатар елдің өкілдері Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен бірге суретке түсуден бас тартқан.
Батыс елдерінің бір дипломатының айтуынша, қатысушылардың шамамен үштен бірі, соның ішінде Канада мен Аустралия өкілдері де бұған қарсылық білдірген.
Германияның сыртқы істер министрі Йоханн Вадефуль Еуропа елдерінің мұндай шешім қабылдауын Украинадағы соғысқа байланысты Ресеймен арадағы қарым-қатынастың нашарлауымен түсіндірді.
Осыдан кейін АҚШ Мемлекеттік департаменті делегациялардың бірге суретке түсу рәсімін ресми бағдарламадан алып тастады.
АҚШ өкілінің айтуынша, америкалық тарап келіссөздерден көпшіліктің назарын басқа жаққа аударатын жағдайға жол бермеуді көздеген.
Жиында әлемдегі саяси және экономикалық мәселелер, халықаралық қауіпсіздік, сондай-ақ, желтоқсанда Майамиде өтетін мемлекет басшыларының саммитіне дайындық барысы талқыланды.
Еске салайық, Атлантадағы G20 елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуіне Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен Польшаның сыртқы істер министрі Радослав Сикорский де қатысты.