«Көрші елдерге басып кіретін мемлекетке тәуелді болғымыз келмейді»: Сикорский Ресейдің мұнайы мен газы туралы айтты

G20 media

Еуропада Ресейден мұнай мен газ сатып алатын елдер әлі бар. Алайда Еуропа Ресейге энергетикалық тұрғыдан қайта тәуелді болудан бас тартып отыр. Бұл туралы Польшаның сыртқы істер министрі Радослав Сикорский Атлантада өткен G20 елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуі аясындағы брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі.

Польша министрінің айтуынша, Ресей Украинаға қарсы кең ауқымды соғыс бастағаннан кейін Еуропа елдерінің басым бөлігі Ресейден сатып алатын мұнай мен газ көлемін едәуір қысқартқан.

Сикорский Ресеймен энергетикалық байланысын үзгісі келмейтін Венгрияның ұстанымына да тоқталды.

«Виктор Орбан басқаратын Венгрия Ресей газын сатып алуды жалғастыруды талап етті», – деді ол.

Министр Ресейден жеткізілетін мұнай мен газдың әлі күнге дейін Украина арқылы Венгрияға тасымалданып жатқанына назар аударды.

«Украина Ресейдің басқыншылығына ұшыраса да, оның мұнайы мен газын өз жері арқылы тасымалдануына әлі күнге дейін рұқсат беріп отыр», – деді Сикорский.

Оның айтуынша, Еуропа елдерінің Ресейден мұнай мен газ сатып алуды азайтуы Ресей экономикасына да кері әсерін тигізген.

Министр Польшада коммунистік билік құлағаннан кейін елдің Ресеймен энергетика саласында байланыс орнатқанын еске салды. Сол жылдары «Ямал» газ құбыры салынып, Ресейдің мұнайы мен газы Еуропа нарығында біршама уақыт тиімді бағамен сатылған.

Алайда Сикорскийдің пікірінше, Ресей өз әрекетімен осы жылдар бойы қалыптасқан экономикалық байланысты бұзды.

«Осының бәрін Ресейдің өзі құрдымға жіберді. Енді мұнайы мен газын басқа елдерге үлкен жеңілдікпен, арзан бағамен сатуға мәжбүр», – деді министр.

«Біз көрші мемлекеттерге басып кіретін елдің мұнайы мен газына тәуелді болғымыз келмейді», – деп мәлімдеді Польша СІМ басшысы.

Еске салайық, 30–31 қазанда АҚШ-тың Атланта қаласында «Үлкен жиырмалыққа» (G20) кіретін елдердің сыртқы істер министрлері бас қосты. Жиынға АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио төрағалық етеді.

Кездесуге экономикасы ірі мемлекеттердің өкілдері, соның ішінде Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров та қатысып жатыр.

Польша «Үлкен жиырмалыққа» кірмегенімен, бұл кездесуге елдің сыртқы істер министрі Радослав Сикорский де шақырылған.