Тоқаев Қазақстанның Марокко мен Кубадағы жаңа елшілерін тағайындады

Ашық дереккөз

 

Мемлекет басшысы Қазақстанның Марокко мен Кубадағы жаңа елшілерін тағайындады. Тиісті жарлықтар Ақорданың ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Айнұр Нұрланқызы Дәненова Қазақстанның Марокко Корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды. Ал Олжас Әзілұлы Исабеков Қазақстанның Куба Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалды.

Сондай-ақ, Президент жарлығымен Андриан Көпмағамбетұлы Елемесов Қазақстанның Кубадағы төтенше және өкілетті елшісі қызметінен босатылды.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қазақстанның Словения, Босния және Герцеговина, Черногория мен Тунистегі жаңа елшілерін тағайындаған еді. Сондай-ақ, сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары ауысқан болатын.

Жаңа елшілер туралы не белгілі?

Олжас Исабеков 2017 жылы Сыртқы істер министрлігінің Сыртқы экономикалық саясат департаментін басқарған. Сол жылдары берген сұхбатында ол министрліктің шетелден инвестиция тарту, экспортты дамыту және Қазақстанның экономикалық мүдделерін шетелде қорғау бағытындағы жұмысы туралы айтқан.

Сонымен қатар, қазақстандық БАҚ-та жарияланған мәліметтерге қарағанда, 2022 жылы Исабеков Қазақстанның Мексикадағы уақытша сенімді өкілі қызметін атқарған.

Ал Айнұр Дәненованың еңбек жолы туралы ашық дереккөздерде мәлімет аз. Оның 46 жаста екені белгілі. Ол – белгілі қазақстандық дипломат Нұрлан Дәненовтің қызы.

Нұрлан Дәненов зейнетке шыққанға дейін дипломатиялық қызметте бірқатар жауапты лауазым атқарған. Атап айтқанда, Қазақстанның Франция мен Португалиядағы төтенше және өкілетті елшісі болған. Сондай-ақ, Андорра мен Монакода елшілік қызметті қоса атқарған.

Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Еркін Тұқымовты Қазақстанның Пәкістандағы төтенше және өкілетті елшісі етіп тағайындаған еді.