Қазақстанда жұмыс берушілердің қызметкерге кешіккені, жұмыста қателік жібергені немесе еңбек тәртібін бұзғаны үшін ақшалай айыппұл салуға құқығы жоқ. Мұндай жағдайда Еңбек кодексінде көрсетілген тәртіптік жазалар ғана қолданылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Еңбек кодексінің 64-бабына сәйкес, қызметкер еңбек тәртібін бұзса, жұмыс беруші оған ескерту жасап, сөгіс немесе қатаң сөгіс бере алады. Ал заңда көрсетілген жағдайларда еңбек шартын бұзуға да құқылы.
Заңда қарастырылмаған басқа тәртіптік жазаларды қолдануға тыйым салынады.
Мәселен, қызметкер жұмысқа 20 минут кешіксе, жұмыс беруші оған өз бетінше 10 мың теңге айыппұл салып, бұл ақшаны жалақысынан ұстап қала алмайды. Оның орнына, заңды негіз болса, Еңбек кодексінде көрсетілген тәртіптік жазалардың бірін қолдана алады.
Министрліктің түсіндіруінше, тәртіптік жаза қолданбас бұрын жұмыс беруші қызметкерден жазбаша түсініктеме алуға міндетті. Сондай-ақ, қандай жаза қолданылатынын шешкенде, қызметкердің қандай тәртіп бұзғаны, оның қаншалық ауыр екені және қандай жағдайда болғаны ескерілуі керек.
Ведомство еңбек тәртібін бұзғаны үшін айыппұл салу мен заңды негізде жалақыдан ақша ұстаудың екі бөлек мәселе екенін де атап өтті.
Еңбек кодексінің 115-бабына сәйкес, жалақыдан ақша тек заңда көрсетілген жағдайларда ғана ұсталуы мүмкін.
Мысалы, қызметкер алдын ала алған ақшасын жұмыспен өтемесе немесе жұмыс берушінің есебінен оқып, оқу шығынын өтеу туралы шартта белгіленген мерзім аяқталмай жұмыстан кетсе, тиісті қаражат жалақысынан ұсталуы мүмкін. Ал кейбір басқа жағдайларда қызметкердің жазбаша келісімі қажет.
Демек, жұмыс беруші заңда көрсетілген тәртіптік жазалардың орнына ақшалай айыппұл сала алмайды. Еңбек заңнамасының талаптарын жұмыс беруші де, қызметкер де сақтауға міндетті.
Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысындағы «Көкше-Цемент» кәсіпорнының жұмысшылары жалақы мәселесін тағы көтерген еді. Олардың айтуынша, еңбекақы екі айдан бері кешіктіріліп жатыр.