«Төлеген салығым қайда кетіп жатыр?»: танымал актер ауруханадағы жағдайға шағымданды

Танымал қазақстандық актер Санжар Мәди Алматыдағы ауруханалардың біріндегі жағдайға шағымданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Санжар Мәди әлеуметтік желідегі парақшасында әкесінің денсаулығы күрт нашарлап, жедел медициналық жәрдем ауруханасына жеткізілгенін айтты.

Актердің сөзінше, ауруханада науқастарға тамақ пен шай суық күйінде беріледі. Сондай-ақ, бөлімшеде дәретхана қағазы мен сүлгі сияқты күнделікті қажет заттар да жоқ.

«Әкемнің жағдайы күрт нашарлап, жедел жәрдем ауруханасына жатқызылды. Бүгін тамақ та, шай да суық екенін жазыпты. Дәретхана қағазы, сүлгі сияқты ең қажет заттардың өзі жоқ. Былтыр да денсаулығы күрт нашарлап, осы ауруханаға түскен еді. Сол кезде жағдайды жақсарту үшін Денсаулық сақтау министріне дейін шығып, кейін бас дәрігерге хабарласуға тура келді. Бірақ мұндай болмауы керек қой», – деді актер.

Санжар Мәди осындай қарапайым мәселелерді шешу үшін аурухана басшылығына немесе жоғары лауазымды шенеуніктерге жүгінуге мәжбүр болатынын түсінбейтінін жеткізді.

Оның айтуынша, үлкен қаланың орталығындағы аурухананың жағдайы осындай болса, басқа медициналық мекемелерде науқастардың қандай қиындық көріп жатқанын елестетудің өзі қиын.

«Мен төлеген салық пен міндетті аударымдар қайда кетіп жатыр?» – деп сұрады актер.

Еске салайық, бұған дейін 2027 жылғы қаңтардан бастап науқастардың шағымы мен талабын бірінші болып қабылдайтын медицина қызметкерлерінің, атап айтқанда, жалпы практика дәрігерлері мен учаскелік медбикелердің жалақысы едәуір өсетіні хабарланған еді.

Ulysmedia.kz тілшілері Денсаулық сақтау министрлігінің бұл уәдесі қаншалықты орындалатынын анықтауға тырысты. Ол үшін емханаларда және медицинаның басқа да салаларында жұмыс істейтін мамандармен сөйлесті. Журналистер дәрігерлер мен медбикелердің ауыр еңбек үшін неліктен 200–300 мың теңге ғана алатынын және олардың өздері жалақысының қаншаға өскенін қалайтынын сұрап білді.