БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасы Газа секторында палестиналықтардың үйлерін тастап, қайтадан бас сауғалауға мәжбүр болып жатқанын хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.
БҰҰ мәліметінше, кейінгі екі аптада Израиль әскері Газа қаласындағы Аш-Шуджайя ауданында, сондай-ақ, Әл-Бурейдж, Дейр-әл-Балах және Әл-Магази аудандарының шығыс бөліктерінде бақылауындағы аумақтарды кеңейткен. Бұл жерлер екі тараптың бақылауындағы аумақтарды бөліп тұрған «сары сызыққа» жақын орналасқан.
БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі басқармасы 25 қазанда Израиль ұшқышсыз ұшатын аппаратының шабуыл жасағанын да хабарлады. Дрон Аш-Шуджайя қиылысы маңында баспанасынан айырылған отбасылар тұрып жатқан шатырларға оқ-дәрі тастаған. Салдарынан өрт шығып, оны сөндіруге бес сағатқа жуық уақыт кеткен.
Палестинаның Қоғамдық жұмыстар және тұрғын үй құрылысы министрлігінің мәліметінше, осы оқиғадан кейін 200 отбасы, яғни 800-ге жуық адам паналап отырған жерінен кетуге мәжбүр болған. Олардың басым бөлігі – әйелдер, балалар мен қарттар.
БҰҰ-ның басып алынған Палестина аумағындағы Адам құқықтары жөніндегі басқармасының басшысы Аджит Сунгхай халықтың қайта-қайта босып жүруін «мәжбүрлі қоныс аударудың қорқынышты азабы» деп сипаттады. Оның айтуынша, бұл жағдай барған сайын ушығып, ұзаққа созылып барады.
Сунгхайдың сөзінше, атысты тоқтату туралы келісім жарияланғанға дейін үйлерін тастап кеткен палестиналықтардың басым бөлігі әлі күнге дейін туған жеріне қайта алмай отыр.
Көптеген елді мекен «сары сызықтың» арғы бетінде қалғандықтан, тұрғындардың ол жаққа өтуіне мүмкіндік жоқ. Соның салдарынан адамдар бір жерден екінші жерге қайта-қайта көшуге мәжбүр.
БҰҰ Израильдің басып алушы мемлекет ретінде палестиналықтарды күштеп көшіруді тоқтатуға міндетті екенін атап өтті.
Ұйым мұндай әрекеттердің соғыс қылмысы саналатынын, ал кей жағдайда адамзатқа қарсы қылмыс ретінде де бағалануы мүмкін екенін ескертті.
Сондай-ақ, Израиль тұрғындардың өз үйлеріне қауіпсіз оралуына және лайықты жағдайда өмір сүруіне мүмкіндік жасауға тиіс.
БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі басқармасы Израиль әскерінің «сары сызық» маңын іс жүзінде оқ атылатын аймаққа айналдырып, палестиналықтардың үйлеріне қайтуына кедергі келтіріп отырғанына да алаңдаушылық білдірді.
Аджит Сунгхайдың айтуынша, Газа тұрғындарының көпшілігі төртінші жыл қатарынан туған жерінен жырақта өмір сүріп жатыр. Олар биыл да төртінші қысты шатырларда қарсы алмақ. Ал мұндай баспаналар адамдарды жаңбыр мен суықтан қорғай алмайды.