Күн күрт суытып, қайта жылынады: қарашада Қазақстанда ауа райы қандай болады?

Ulysmedia.kz коллажы

«Қазгидромет» синоптиктері қарашаға арналған ауа райы болжамын жариялады. Мамандардың айтуынша, алдағы айда күн бірде жылынып, бірде күрт суытады. Қарашаның басында кей өңірлерде ауа температурасы +22 градусқа дейін көтерілсе, айдың екінші жартысында 18 градусқа дейін аяз болуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қарашаның басында ауа райы қандай болады?

Айдың алғашқы аптасында еліміздің басым бөлігінде күн жылы әрі ашық болып, жауын-шашын күтілмейді. Тек солтүстік-шығыс пен шығыс өңірлерде жаңбыр жауып, соңы қарға ұласуы мүмкін. Кей жерлерде түнде тұман түседі.

Қарашаның алғашқы онкүндігінің ортасында Қара теңіз жақтан жылжыған циклон еліміздің батысына жетеді. Соның әсерінен алдымен жаңбыр жауып, кейін қарға айналады.

Онкүндіктің соңына қарай еліміздің өзге өңірлерінде де ауа райы бұзылады. Ал оңтүстікте көбіне жаңбыр жауады.

Осы күндері тұман түсіп, көктайғақ болуы мүмкін. Жел де күшейіп, екпіні секундына 15–28 метрге дейін жетеді.

Айдың басында батыс, оңтүстік-батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде күндіз ауа температурасы +12…+22 градусқа дейін жылынады.

Ал солтүстік, орталық және шығыс аймақтарда түнде −8…+5 градус, күндіз +5…+13 градус болады.

Алғашқы онкүндіктің соңына қарай күн салқындай бастайды. Солтүстікте күндіз ауа температурасы 0…+5 градусқа дейін төмендесе, оңтүстікте +8…+13, ал батыста +2…+10 градус шамасында болады.

Қарашаның екінші жартысында қандай ауа райы күтіледі?

Қарашаның екінші және үшінші онкүндігінде күн райы құбылмалы болады. Синоптиктердің болжамынша, ауа температурасы жиі өзгеріп отырады.

Еліміздің солтүстік бөлігінде түнде ауа температурасы −13…+5 градус аралығында құбылса, күндіз −5…+10 градус болады.

Оңтүстік өңірлерде түнде −5…+10 градус, күндіз 0…+15 градус шамасында сақталады.

Дегенмен кей күндері солтүстік, шығыс және орталық аймақтарда аяз күшейіп, түнгі температура −10…−18 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.

Ал таулы аймақтарда түнде ауа температурасы −10…+2 градус аралығында болса, күндіз +2…+10 градус шамасында болады.