Қазақстандық танымал адвокат Джохар Өтебеков Павлодарда қаза тапқан кәсіпкер Икрам Нұрмашовтың әйелі мен 17 жастағы қызын отбасымен бірге тұрған үйінен шығарып жіберуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Адвокат әлеуметтік желідегі парақшасында өз пікірін жариялады. Өтебеков жаңа Конституцияға сәйкес, адамды баспанасынан тек сот шешімімен шығаруға болатынын еске салды.
«Павлодарда туыстары баланы үйінен қуып шығып, еш жазасыз жүргеніне таңғалып отырмын. Бұл – сотта қаралуға тиіс іс! Жаңа Конституцияда алғаш рет адамды баспанасынан тек сот шешімімен шығаруға болатыны жазылған. Әлде Павлодарда Конституция талаптары орындалмай ма?» – деп жазды адвокат.
Ол оқиға орнына келген полицейлердің кәмелетке толмаған қыз бен оның анасына неге көмектеспегенін сұрады.
«Үйге бірнеше рет полиция шақырылған. Сонда олар неге бейшара қызға көмектеспеген? Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратура неге үнсіз? Неге озбырлық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалмаған?» – деп наразылық білдірді Өтебеков.
Бұл оқиға қыркүйекте Ертіс өзенінде болған қайғылы жағдай кезінде қаза тапқан кәсіпкер Икрам Нұрмашовтың 17 жастағы қызы бейнеүндеу жариялағаннан кейін көпшілікке белгілі болды.
Қыздың айтуынша, әкесі қайтыс болғаннан кейін туыстарымен арада жанжал басталған. Бір күні анасымен бірге үйіне қайтып келгенде, есік құлыптарының ауыстырылғанын көрген.
Кейін анасы мен қызы жеке заттарын алып шыға алған. Қазір олар уақытша нағашы туыстарының үйін паналап жүр.
Павлодар облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілінің мәліметінше, үй марқұм кәсіпкердің анасының, яғни қыздың әжесінің атына тіркелген.
Ал отбасының заңды өкілі анасы мен қызы бұл баспананы ерлі-зайыптының некеде бірге жинаған мүлкі деп тануды сот арқылы талап ететінін хабарлады.