«Қазақстан өзгелерге үлгі көрсетіп отыр»: ДДСҰ басшысы дәрігерлердің жалақысының өсуіне пікір білдірді

Reuters

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус Қазақстанда учаскелік дәрігерлердің жалақысын көтеру туралы шешімге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ДДСҰ басшысы бұл туралы Facebook-парақшасында жазды. Ол Қазақстанның «Баршаға денсаулық» қағидатын жүзеге асыруда өзге елдерге үлгі болып отырғанын атап өтті.

«Президент Тоқаевтың Қазақстандағы 77 мың медицина қызметкерінің жалақысын көтеру жөніндегі бастамасын жоғары бағалаймын. Сондай-ақ, халықтың денсаулығы мен әл-ауқатын мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының біріне айналдыруға ұмтылысын қолдаймын», – деп жазды Гебрейесус.

Оның айтуынша, алғашқы медициналық көмекке қаржы бөлу, жалпы практика дәрігерлерінің жұмыс істеуіне кеңірек мүмкіндік жасау және медицина қызметкерлерін қолдау халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттырып, дәрігерге қаралуды жеңілдетеді.

ДДСҰ басшысы Қазақстанның «Баршаға денсаулық» қағидатын қалыптастырудағы тарихи рөлін де еске салды.

Осыдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын Алматыда алғашқы медициналық көмекті дамытуға негіз болған халықаралық декларация қабылданған еді. 2028 жылы бұл құжаттың қабылданғанына 50 жыл толады.

Гебрейесустың айтуынша, Қазақстан сол декларацияда айтылған қағидаларды іс жүзінде қалай жүзеге асыруға болатынын әлі күнге дейін көрсетіп келеді.

Еске салайық, бұған дейін 2027 жылғы қаңтардан бастап науқастардың шағымы мен талабын бірінші болып қабылдайтын медицина қызметкерлерінің, атап айтқанда, жалпы практика дәрігерлері мен учаскелік медбикелердің жалақысы едәуір өсетіні хабарланған еді.

Ulysmedia.kz тілшілері Денсаулық сақтау министрлігінің бұл уәдесі қаншалықты жүзеге асатынын анықтау үшін медицина қызметкерлерімен сөйлесті. Журналистер емханаларда және басқа да медициналық мекемелерде жұмыс істейтін мамандардың неліктен 200–300 мың теңге жалақы алатынын, сондай-ақ, олардың еңбекақысы қаншаға өскенін қалайтынын сұрап білді.