Еуропалық одақтың сыртқы саясат және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас Атлантадағы кездесуде Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Мәскеудің Украинамен бейбіт келіссөз жүргізуге дайын екенін көрсете алмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz DW басылымына сілтеме жасап.
Журналистермен сөйлескен Кая Каллас Ресей өкілдерінің сөзі мен ісі қабыспайтынын айтты. Оның пікірінше, Мәскеу бейбіт келіссөзге дайын екенін құр сөзбен емес, нақты әрекетімен дәлелдеуі керек.
Каллас шілде, тамыз және қыркүйекте Украинада бейбіт тұрғындар арасында көп адам қаза тапқанын айтты.
Бұдан бөлек, ол Лавровты кездесу барысында жалған ақпарат таратып, шындықты бұрмалады деп айыптады.
«Әрине, ол көп өтірік айтты, көптеген деректі бұрмалап жеткізді. Кейін біз оның айтқандарының шындыққа жанаспайтынын дәлелдей алдық», – деді Каллас.
Еске салайық, бұған дейін G20 кездесуіне қатысқан Еуропа елдерінің өкілдері Ресей делегациясымен арақашықтық сақтауға тырысқаны хабарланған еді.
Германияның сыртқы істер министрі Йоханн Вадефуль Украинадағы соғыс әлі жалғасып жатқандықтан, Еуропа елдерінің өкілдері Лавровпен бірге естелік суретке түсуден бас тартқанын мәлімдеді.
Сонымен қатар, Вадефуль келіспеушіліктерді талқылау үшін Ресеймен дипломатиялық байланысты үзбеу қажет екенін мойындады.
Алайда оның айтуынша, мұндай кездесулер Ресеймен қарым-қатынас бұрынғы қалпына келгендей әсер қалдырмауға тиіс.