Қазақстанда АИ-92 бензині мен дизель отыны қымбаттауы мүмкін

ЖИ/ Ulysmedia

Қазақстандағы ірі жанармай жеткізушілері – «ҚазМұнайГаз» және «КС Energy» қараша айында дизель отыны мен АИ-92 бензинінің көтерме бағасын тоннасына 10 мың теңгеге арттыруды жоспарлап отыр. Бұл жанармай құю бекеттеріндегі бағаға да әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы мұнай-газ саласының сарапшысы Олег Червинский Telegram-арнасында R1 Energy Group компаниясының ай сайынғы жанармай нарығына шолуына сілтеме жасап жазды.

«ҚазМұнайГаз» бен «КС Energy» шикізатты өңдеуге беріп, дайын отынды өздері сататын давальдық схема бойынша жұмыс істейді.

Баға неге өсуі мүмкін?

2025 жылдың басынан бері мемлекет бензин мен дизель отынының бағасын реттеуді тоқтатты. Алайда ірі жанармай құю желілеріне бағаны ай сайын бірнеше теңгеден біртіндеп көтеру ұсынылған.

Ал 2025 жылдың қазан айында инфляцияны тежеу үшін Үкімет АИ-92 бензині мен дизель отыны бағасының өсуіне мораторий енгізді.

– Қазір инфляция бәсеңдеп келеді. Сондықтан көтерме бағаны бірден 10 мың теңгеге көтеру әбден мүмкін, – дейді сарапшы.

Жанармай құю бекеттерінде баға өсе ме?

R1 Energy Group сарапшылары ірі жеткізушілердің бағаны көтеруі бүкіл нарықтағы жанармай автоматты түрде дәл осынша қымбаттайды дегенді білдірмейтінін айтады.

Қазір нарықта жанармай қоры жеткілікті. Тек қазан айының өзінде мұнай базаларындағы АИ-92 және АИ-95 бензинінің қоры 42 мың тоннадан астам өскен.

– Жинақталған қор мен тәуелсіз жеткізушілер арасындағы бәсеке бағаның өсуіне тосқауыл қоюы немесе оның көтерме нарыққа таралуын баяулатуы мүмкін, – делінген шолуда.

Қазан айында сұраныстың төмен болуына байланысты АИ-95 бензині арзандай береді. Шымкентте оның тоннасы шамамен 330 мың теңге, Павлодарда 325 мың теңге, Атырауда 305 мың теңге болған.

Ал АИ-92 бензинінің бағасы тұрақтырақ сақталып, Шымкент пен Павлодарда тоннасы шамамен 280 мың теңге болған. Дизель отынының тоннасы 365 мың теңге шамасында сатылған.

Қысқы дизель отынына қатысты қауіп бар

Дизель отыны нарығындағы жағдай біркелкі емес. Егін жинау науқаны аяқталған соң ауыл шаруашылығы саласындағы сұраныс азайды. Ресейден келетін импорт бағасы да төмендеген.

Алайда күн суытқан кезде жүргізушілер қысқы дизель отынына көшеді. Бұл аязға төзімді жанармай тапшылығына әкелуі мүмкін.

– Қысқы маркаларға көшу, әсіресе солтүстік өңірлерде аязға төзімді отынның жергілікті тапшылығы қаупін арттырады, – деп ескертеді сарапшылар.

Олардың қараша айына арналған негізгі болжамы бойынша, дизель отыны мен АИ-92 бензині біртіндеп қымбаттайды, ал АИ-95 бензині арзандауын жалғастырады.