Ұлттық банк шетелдіктердің өз ноталарын сатып алуына шектеу қоймақ

Ulysmedia коллажы

Қазақстанның Ұлттық банкі қысқа мерзімді ноталарды шетелдік инвесторлардың сатып алуына шектеу қоюды ұсынып отыр. Осыған байланысты реттеуші тиісті түзетулер жобасын әзірледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Ұлттық банктің қысқа мерзімді ноталары – экономикадағы ақша көлемін реттеуге көмектесетін бағалы қағаздар. Оларды сатып алған нарық қатысушылары қаражатын белгілі бір мерзімге реттеушіге орналастырып, одан табыс алады.

Қазір Ұлттық банк бұл құралды Қазақстанның резиденті емес тұлғалар үшін шектеуді ұсынып отыр. Тиісті қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

Шектеу не үшін қажет?

– Жоба Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің қысқа мерзімді ноталармен операциялар жүргізу тәртібін жетілдіру, ақша-кредит саясатын іске асыру тиімділігін арттыру және ішкі ақша нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында әзірленді, – делінген түсіндірмеде.

Құжатты талқылау 2026 жылғы 16 қарашаға дейін жалғасады. Қаулы қабылданған жағдайда, жаңа талаптар он күннен кейін күшіне енеді.