Қазақстандағы қытайлық компаниялар қанша салық төлейді? Министр нақты жауап бере алмады

Ulysmedia коллажы

Ulysmedia.kz тілшісі Үкімет отырысында Қазақстандағы сирек металдарды игеру жобаларына шетелдік компаниялардың қатысуы, олардың ел бюджетіне төлейтін салығы мен міндетті төлемдері туралы сұрады. Алайда өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев бұл сұрақтарға нақты жауап бере алмады.

Мән-жай

Журналист министрден сирек металдарды игеру жобаларындағы шетелдік компаниялардың үлесі қанша екенін, сондай-ақ олардың Қазақстан бюджетіне қанша салық төлейтінін сұрады.

Алайда ведомство басшысы шетелдік инвесторлардың бюджетке төлейтін салық көлемін айта алмады. Сондай-ақ Қазақстанда қанша қытайлық компания жұмыс істейтіні және олардың қай өңірде қандай металды өндіріп жатқаны туралы сұраққа да жауап бермеді.

– Сізге бұл ақпарат не үшін керек? Мен сізге кейін жеке жауап беремін, өйткені қазір айта алмаймыз, – деді министр.

Ең бастысы – мемлекеттік мүдде

Осыдан кейін Қазақстан Республикасы премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев шетелдік инвесторлармен жұмыс кезінде мемлекеттің мүддесі бірінші кезекте ескерілетінін айтты.

– Шетелдік инвесторларға қатысты мемлекетіміздің мүддесі ескерілген бе деп сұрап отырсыздар. Үкімет оның бәрін қарап жатыр. Мемлекеттің мүддесі бірінші кезекте ескеріледі. Шетелдік озық технологияларды пайдаланып, елімізге енгізуіміз керек. Қанша жаңа жұмыс орны ашылып, қанша салық төлеп жатыр. Қытайдың озық технологиялары, шынын айтқанда, өте мықты. Олар біздің кейбір өңірлерде жұмыс істеп жатыр, бірақ бірінші кезекте мемлекеттің мүддесі ескерілген. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Оның айтуынша, мұндай жобаларға қатысты шешімді бір министр немесе министрлік жеке қабылдамайды. Оны заңгерлер мен арнайы комиссия қарап, мемлекеттің барлық мүддесі ескеріледі. Шетелдік компанияларға Қазақстан аумағында жұмыс істеуге тек жобаның ел үшін тиімділігі бағаланғаннан кейін ғана рұқсат беріледі.

Контекст

Еске салайық, бұған дейін Тоқаев Қазақстанның сирек металдар әлеуетін тиімді пайдалануды тапсырған еді.

Президент Қазақстан ресурс және өндіріс әлеуеті жағынан Орталық Азияда көш бастап тұрғанына назар аударып, мұны мемлекет мүддесіне пайдалану қажеттігін атап өтті.

– Қазба байлығы мол елдер үшін әлемдегі қазіргі ахуал тиімді әрі бірегей мүмкіндіктерге жол ашып отыр, – деді Тоқаев.

Сондай-ақ Қазақстан сирек металдар қоры бойынша әлемде екінші орынға шыққанын жазған едік.