Қазақстанның бірқатар өңірінде нөсер жаңбыр жауып, қалың қар түседі

Ulysmedia.kz коллажы

8 қарашада Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райы күрт бұзылады. Кей аймақтарда нөсер жаңбыр жауып, қалың қар түссе, енді бір өңірлерде желдің екпіні секундына 30 метрге және одан да жоғары жылдамдыққа жетеді. Жолдарда көктайғақ болып, тұман түсуі мүмкін. Ал еліміздің оңтүстігінде өрт қаупі жоғары күйінде сақталады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Астанада күндіз жаңбыр жауып, кей уақытта күшейеді. Түнде және таңертең қаланы тұман басып, желдің екпіні секундына 15 метрге дейін жетеді.

Ақмола облысында жаңбыр аралас қар жауып, кей жерлерде жауын-шашын күшейеді. Көктайғақ болады. Өңірдің оңтүстігі мен шығысында жел секундына 15–20 метрге дейін күшейеді. Көкшетауда да жауын-шашын мол түседі деп болжанып отыр.

Қолайсыз ауа райы еліміздің бірнеше өңірін қамтиды.

Қостанай облысында жаңбыр аралас қар жауып, көктайғақ болады. Әсіресе облыстың оңтүстігі мен шығысында жауын-шашын күшейеді. Батысы мен солтүстігінде тұман түсуі мүмкін.

Солтүстік Қазақстан облысында да жаңбыр мен қар жауады. Петропавлда күндіз аздаған жауын-шашын түсіп, көктайғақ болады. Түнде және таңертең тұман күтіледі.

Ақтөбе облысының кей жерлерінде жаңбыр аралас қар қатты жауып, жолдар көктайғақ болуы мүмкін.

Батыс Қазақстан облысында жауын-шашын түнде күтіледі. Оралда жаңбыр аралас қар жауып, тұман түсіп, көктайғақ болуы ықтимал.

Шығыс Қазақстан облысында, оның ішінде таулы аудандарда, негізінен түнде және таңертең жаңбыр аралас қар жауады.

Желдің екпіні секундына 30 метрден асады

Жетісу облысында дауыл күтіледі. Алакөл маңында желдің екпіні секундына 23–28 метрге, кей уақыттарда 30 метрге және одан да жоғары жылдамдыққа жетуі мүмкін.

Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде жел секундына 23–28 метрге дейін күшейеді.

Семей мен Өскеменде желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетуі ықтимал.

Алматы, Жамбыл, Түркістан, Атырау және Ұлытау облыстарында да дауыл соғады деп болжанып отыр.

Батыс өңірлерде нөсер жаңбыр жауады

Маңғыстау облысында жаңбырлы ауа райы күтіледі. Өңірдің батысы мен орталығында жаңбыр қатты жауады.

Ақтауда түнде жаңбыр кей уақыттарда күшейіп, күндіз желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді.

Атырау облысының шығысында жаңбыр аралас қар қатты жауады. Кей аудандарда тұман түсіп, желдің жылдамдығы секундына 20 метрге дейін күшеюі мүмкін.

Қай өңірлерде тұман түседі?

Павлодар, Қызылорда, Қарағанды, Жезқазған және Қостанай қалаларында тұман күтіледі.

Сондай-ақ, Павлодар, Қарағанды, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан және басқа да облыстардың жекелеген аудандарында тұман түсуі мүмкін.

Алматының таулы аудандарында түнде және таңертең тұман түсіп, желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді.