Артық салмақ қоспау үшін кешкі асты нешеде ішкен дұрыс? Ғалымдар жауап берді

shutterstock

Кешкі сағат 18:00-ден кейін тамақ ішпеу керек деген қалыптасқан түсінік баршаға бірдей қолайлы емес. Мамандардың айтуынша, зат алмасу мен ұйқының сапасы үшін кешкі асты нақты қай уақытта ішкеннен гөрі, кешкі ас пен ұйқы арасындағы уақыт маңыздырақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Peterburg2.ru мәліметінше, кешкі асты ұйықтардан үш-төрт сағат бұрын ішкен жөн.

Мәселен, әдетте сағат 23:00-де ұйықтайтын адамға кешкі асты 19:00–20:00 шамасында ішу ұсынылады.

Мұның себебі ағзаның ішкі биологиялық сағатының жұмысымен байланысты. Тәуліктік биологиялық ырғақтар гормондардың бөлінуіне, тәбетке және ағзаның инсулинге сезімталдығына әсер етеді. Ал бұл үдерістер тәулік ішінде өзгеріп отырады.

Тамақтану уақыты ағзаның тағамнан алынған калорияны қалай пайдаланатынына да ықпал етуі мүмкін.

Ғалымдар не анықтады?

Cell Metabolism ғылыми журналында жарияланған зерттеуде ғалымдар калориясы бірдей тағамды тәуліктің әртүрлі уақытында тұтынудың ағзаға әсерін зерттеген.

Нәтижесінде кеш тамақтану аштық сезімін күшейтіп, ағзаның энергия жұмсау және май жинау үдерістеріне әсер етуі мүмкін екені анықталған.

Бұл артық салмақтың алдын алуда тек қанша тамақ жегеніміз ғана емес, оны қай уақытта тұтынатынымыз да маңызды екенін көрсетеді.

Ұйықтар алдында қарын ашса, не істеу керек?

Егер кешкі асты ертерек ішуге мүмкіндік болмаса, мамандар ұйықтар алдында шамадан тыс тойып тамақтанбауға кеңес береді.

Мұндайда ақуызға бай тағамдар мен көкөністерді аз мөлшерде жеген дұрыс. Ал майлы, ауыр тағамдар мен тәттілерді көп жеуден бас тартқан жөн.

Ұйықтайтын уақыт жақындағанда қарын ашса, жеңіл тіскебасар жеуге болады.

Мәселен, мамандар бір стақан айран ішуді ұсынады. Дегенмен тағам таңдағанда әр адамның ағзасының ерекшелігі мен қажетін ескерген маңызды.