Оқушылар жаппай уланды: РФММ директоры жұмыстан босатылғаны айтылды

Ulysmedia.kz коллажы

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) директоры Мейірлан Мейірбектің қызметінен босатылғаны туралы ақпарат тарады. Бұл жөнінде мектеп оқушыларының ата-аналары мен түлектері әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиғаның мән-жайы

Мектеп директорының жұмыстан босатылғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Кейбір ата-аналар мұндай шешімді әділетсіз деп санайды.

«РФММ директорын жұмыстан шығару – үлкен қателік. Бұл бар кінәні бір адамның мойнына артып, оны құрбандыққа шалумен бірдей. P.S. Мен 10-сынып оқушысының анасымын», – деп жазды Динара есімді желі қолданушысы.

Мейірлан Мейірбекке мектеп түлектері де қолдау білдірді. Олардың бірі директордың өзі тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде қызметке келгенін және содан бері мектепте көптеген оң өзгеріс болғанын айтты.

«Біз оның басшылығы кезінде мектептің қалай өзгергенін, жұмыс жүйесінің, тәртіп пен мектептегі ахуалдың қалай жақсарғанын өз көзімізбен көрдік. Бұл өзгерістердің бәрін тек жақсы жағынан бағалай аламын», – деп жазды 2024 жылғы түлек.

Өзге ата-аналар да директорды қызметіне қайта тағайындауға шақырды. Олар мектептегі тамақтандыру ісіне арнайы жауапты қызметтер бар екенін алға тартты.

Ulysmedia.kz редакциясы ресми пікір алу үшін РФММ әкімшілігіне хабарласқан. Алайда материал жарияланған сәтте директордың жұмыстан босатылғаны туралы ақпарат ресми түрде расталмаған.

РФММ-де не болды?

Еске салайық, қазанда Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде оқушылар жаппай уланған еді.

Алғашқы балалар 12 қазанда ауруханаға түсті. Барлығы 58 оқушы ауруханаға жатқызылып, тағы екеуі үй жағдайында ем қабылдады.

22 қазанға қарай зардап шеккен оқушылардың барлығы ауруханадан шығарылды.

Оқиғадан кейін мамандар мектеп асханасына тексеру жүргізді. Асхананы MasterFood компаниясы қызмет көрсетіп келген.

Тексеру барысында асхананың төрт қызметкерінен алтын түстес стафилококк бактериясы анықталды. Ал дайын тағамдар мен ыдыстардан ішек таяқшасы табылды.

Сондай-ақ, азық-түлікті сақтау және залалсыздандыру талаптарының бұзылғаны белгілі болды.

Уланған оқушылардың көбі денсаулығының нашарлауын асханада берілген тауық етінен жасалған рулет пен бешбармақтан көрген.

Оқушылар жаппай уланғаннан кейін мектепте тексеру және санитарлық тазалау жұмыстары жалғасты. Осыған байланысты екінші тоқсанның басында сабақтар қашықтан оқыту форматына ауыстырылды.

Мектеп директоры туралы не белгілі?

Мейірлан Мейірбек те Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің түлегі.

Кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Қаржы» мамандығы бойынша тәмамдаған. Сондай-ақ, математика және информатика бағытында педагогикалық білім алған.

Еңбек жолын Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып бастаған. Кейін Future Education Center білім беру орталығын басқарды.

Одан соң Астанадағы РФММ-де директордың орынбасары әрі оқытушы болып еңбек етті. 2022 жылы мектептің елордадағы филиалына басшылық етті.

Ал 2023 жылдан бастап Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің директоры қызметін атқарып келген.

Сізге қызық болуы мүмкін