Астана әкімдігі автобуста жол жүру ақысын 110 теңгеден 150 теңгеге көтеру туралы шешімнің себебін түсіндірді. Жаңа тарифті желтоқсанның ортасынан бастап енгізу ұсынылып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Дизель отыны үш есе қымбаттаған
2014 жылы елордада қоғамдық көлікте жол жүру ақысы 90 теңге болған. Содан бері тариф бір рет қана қайта қаралып, қазір жолаушылар 110 теңге төлейді. Әкімдік автобус парктерінің шығыны осы уақыт ішінде айтарлықтай өскенін мәлімдеді.
Мәселен, 2014 жылы бір литр дизель отыны шамамен 107 теңге тұрса, қазір оның бағасы 329 теңгеге жеткен. Жүргізушілердің жалақысы да өзгерген. Бұрын олар орта есеппен 100-150 мың теңге алса, қазір автобус санаты мен жұмыс кестесіне қарай 700 мың теңгеден бастап жалақы алады.
– Осы кезеңде қосалқы бөлшектердің, автокөлік шиналарының, аккумулятор батареяларының, автобустарға техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстарының, сондай-ақ жаңа жылжымалы құрам сатып алу құны да едәуір өсті, – делінген әкімдік хабарламасында.
Билік тарифті көтеру қажеттігін автобус паркін жаңарту және бағыттар желісін дамыту жұмыстарымен де байланыстырады.
150 теңгелік тариф қашан енгізіледі?
Қолма-қол ақшасыз төлем кезінде жаңа тарифті желтоқсанның ортасынан бастап енгізу ұсынылып отыр. Осылайша, жол жүру ақысы 40 теңге немесе шамамен 36 пайыз қымбаттайды.
Жеңілдік санатындағы азаматтар үшін тегін жол жүру тәртібі сақталады. Олардың қатарында зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы отбасылар және қала ережелерінде көрсетілген өзге де санаттар бар.
Сондай-ақ Астанада оқитын 18 жасқа дейінгі балалар қоғамдық көлікте тегін жүре алады.