Жаңаталап тұрғын алабында Шымкент қаласындағы бесінші бірыңғай жедел қызмет көрсету кешені жұмысын бастады. Мұнда өрт сөндіру, полиция және жедел медициналық жәрдем қызметтері бір орталықта шоғырланған.
Нысан Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің бастамасымен, қала әкімдігінің қолдауымен салынды. Оның ашылуы төтенше жағдайларға жедел ден қоюға және оқиға орнына арнайы қызметтердің жету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
Кешеннің ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, полковник Мұрат Мұханов, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері мен жедел қызмет бөлімшелерінің өкілдері қатысты.
Жаңа кешен Жаңаталап, Тәуелсіздікке – 20 жыл, Алтынтөбе және Көкбұлақ тұрғын алаптарына қызмет көрсетеді. Бұл аумақтарда жалпы саны 11 200-ге жуық адам тұрады. Нысан аумағында №14 өрт сөндіру бөлімі, полиция бекеті және жедел медициналық жәрдем пункті орналасқан.
Бөлімшелердің тиімді жұмыс істеуіне қажет барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, қызметтік бөлмелер, газ-түтіннен қорғау қызметінің бекеті, оқу сыныбы, асхана, оқу-жаттығу мұнарасы және спорт алаңы қарастырылған. Сонымен қатар, екі арнайы автокөлікке арналған гараж бен автотұрақ қалқалары салынған.
Айта кетейік, бұған дейін Елтай, Таскен, Сәуле тұрғын алаптарында және Бозарық-3 шағынауданында осындай кешендер ашылған болатын. Тәжірибе көрсеткендей, өрт сөндірушілер, полицейлер мен медицина қызметкерлерінің бір аумақта орналасуы тұрғындардың шақыртуларына жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Қаладағы қауіпсіздік инфрақұрылымын дамыту жұмысы жалғасады. Жыл соңына дейін Тұран шағынауданында төрт арнайы автокөлікке арналған өрт сөндіру депосының құрылысын аяқтау жоспарланған. Ал 2027 жылы Базарқақпа, Қайнарбұлақ және Ақжар тұрғын алаптарында тағы үш бірыңғай жедел қызмет көрсету кешенін салу көзделіп отыр.
Мұндай нысандар желісін кеңейту шұғыл көмектің қолжетімділігін арттыруға, тиісті бөлімшелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және Шымкент тұрғындарының өмірі мен денсаулығын қорғау деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.