Алматыда Еңбек ресурстарын дамыту орталығы (ЕРОД) мен Бірінші кредиттік бюроның (БКБ) ынтымақтастығына қатысты іс бойынша үкім шықты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұрынғы бірінші орынбасары Ақмәди Сарбасов пара алғаны үшін 4 жылға сотталды. Ал қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып бойынша сот оны ақтады. Іс бойынша бұрынғы ЕРОД басшысы Дәулет Арғандықов, БКБ-ның бұрынғы басшысы Руслан Омаров және орталықтың тағы 2 қызметкері де жауапқа тартылды. Ulysmedia.kz бұрынғы шенеунікке қандай айып тағылғанын және істің қалай өрбігенін баяндайды.
Бүгін, 11 қарашада, Алматы қаласының Алмалы аудандық соты ЕРОД пен Бірінші кредиттік бюроның ынтымақтастығына қатысты іс бойынша үкім шығарды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұрынғы бірінші орынбасары Ақмәди Сарбасов пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып бойынша сот оны ақтады.
Бірінші кредиттік бюроның бұрынғы бас директоры Руслан Омаров пара беру, қызметтік өкілеттікті асыра пайдалануға көмектесу және зиянды бағдарламаларды пайдалану баптары бойынша кінәлі деп танылды. Сот оған 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда Ақмәди Сарбасовтың қызметтік өкілеттігін асыра пайдалануына көмектесті деген эпизод бойынша Омаров ақталды.
ЕРОД-тың бұрынғы басшысы, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі болған Дәулет Арғандықов қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану, зиянды бағдарламаларды пайдалану және пара беру баптары бойынша кінәлі деп танылды. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша оған 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қызметтік өкілеттікті асыра пайдалануға көмектесу айыбы бойынша сот оны ақтады.
ЕРОД департаментінің бұрынғы директоры Тәуке Болатбаев пен орталық қызметкері Ақжол Дошимов зиянды бағдарламаларды пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды. Әрқайсысына 3 жыл жаза тағайындалды. Алайда рақымшылыққа байланысты олардың мерзімі 2 жылға қысқартылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Омаров пен Арғандықовқа мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектордағы бірқатар ұйымдарда қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Болатбаев пен Дошимовқа 1 жыл бойы ақпараттық жүйелермен және бағдарламалық өнімдермен жұмыс істеуге тыйым салынды. Екеуі де сот залында қамауға алынды.
Сотталған 5 адамның барлығы жазасын орташа қауіпсіздік мекемелерінде өтейді. Үкім заңды күшіне енгенге дейін қамауда болған 1 күн жаза мерзімінің 1,5 күніне есептеледі.
Сонымен қатар сот мемлекет кірісіне заттай дәлел ретінде танылған 75 мың долларды тәркілеу туралы шешім шығарды. Жәбірленуші тарапқа азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен залалды өтеу туралы талап қою құқығы түсіндірілді.
Ақмәди Сарбасов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде 2019 жылдың сәуірінде вице-министр қызметіне тағайындалған. 2020 жылғы 4 маусымда ол ведомство басшысының бірінші орынбасары болды. Бұл қызметте ол 5 жылға жуық жұмыс істеді. 2025 жылғы 9 сәуірде Сарбасов «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ны (ЕРОД) басқарды. Ал 11 сәуірде басқа жұмысқа ауысуына байланысты бірінші вице-министр қызметінен ресми түрде босатылды.
Оның ұсталғаны туралы ақпарат 2025 жылғы 1 шілдеде белгілі болды. Бұл мәліметті Еңбек министрлігі растағанымен, сол кезде істің мән-жайы мен күдікке іліну себептері жарияланбады.
3 шілдеде Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) істің тағы 2 фигуранты – ЕРОД-тың бұрынғы басшысы Дәулет Арғандықов пен «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС бас директоры Руслан Омаровтың ұсталғанын хабарлады.
ҚМА мәліметінше, 2025 жылғы 28 маусымда үшеуі кезекті 75 мың доллар параны беру кезінде ұсталған. Тінту барысында 370 мың доллар және 4,5 млн теңге тәркіленген. Сот оларды 2 айға қамауға санкция берген.
Сол жылдың қыркүйегінде Сарбасовқа ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша аса ірі мөлшерде пара алды деген айып тағылғаны белгілі болды.
Бұған дейін Ulysmedia.kz күдікті схеманы және тергеу нұсқасы бойынша мемлекет 2 млрд теңгеге жуық қаржысынан қалай айырылуы мүмкін екенін егжей-тегжейлі жазған.
Тергеу нұсқасы бойынша, схема мемлекеттік Еңбек ресурстарын дамыту орталығы мен Бірінші кредиттік бюро арасындағы келісімге байланысты болған.
2020 жылғы желтоқсанда ұйым басшылары Дәулет Арғандықов пен Руслан Омаров қосымша келісімге қол қойған. Құжатқа сәйкес, сұраулардан түсетін кірістегі БКБ үлесі 30%-дан 35%-ға дейін өскен, ал мемлекеттік орталықтың үлесі 70%-дан 65%-ға дейін азайған.
Бұдан бөлек, тергеу мәліметінше, 2022 жылы ЕРОД жүйесіне Мемлекеттік кредиттік бюроның сұрауларын өңдеуді әдейі баяулататын тетік енгізілген. Ал Бірінші кредиттік бюроның сұраулары жылдамырақ өңделген. Бұл жеке компанияға бәсекелесі алдында артықшылық беруі мүмкін еді.
Тергеу есебіне сәйкес, 2021 жылғы қаңтардан 2025 жылғы сәуірге дейін мемлекет 1 млрд 958 млн теңге кірістен қағылған.
Арғандықов 2025 жылғы наурызда қызметінен кеткеннен кейін ЕРОД-ты Ақмади Сарбасов басқарды.
Айыптау нұсқасы бойынша, ол қызметке тағайындалмай тұрып Арғандықов өзінің мұрагері болуы мүмкін кандидатураны Руслан Омаровпен талқылаған. 2025 жылғы 8 сәуірдегі Threema мессенджеріндегі хат алмасуда Арғандықов Сарбасов туралы «өз адамымыз болады» деп жазған-мыс.
Тергеу мәліметінше, жаңа басшы қызметке келгеннен кейін Бірінші кредиттік бюроға тиімді келісім шарттарының сақталуын қамтамасыз еткен. Айыптау тарапының пайымдауынша, компанияның мүддесін қолдағаны үшін Сарбасовқа БКБ-ның ай сайынғы табысының шамамен 5%-ына тең сыйақы берілуі тиіс болған.
Тергеу нұсқасы бойынша, 2025 жылғы 28 маусымда Арғандықов пен Омаров Сарбасовқа 75 мың доллар берген. Осы сәтте құқық қорғау органдарының қызметкерлері пайда болған. Кейінгі тінту кезінде қолма-қол ақша тәркіленіп, фигуранттардың мүлкіне тыйым салынған.
Еске салайық, бұған дейін прокурор Сарбасовты 8 жылға, Арғандықовты 12 жылға, Омаровты 15 жылға, ал Болатбаев пен Дошимовты 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.