Ақтөбе әуежайына Мәскеуге бағыт алған екі ұшақ қонды. Бахрейн мен Ереваннан шыққан рейстер Мәскеу әуежайларының жабылуына байланысты бағытын өзгертуге мәжбүр болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мәскеу ұшақтарды қабылдай алмады
Ақтөбе тұрғындары қалаға қарай бағыт алған Бахрейннің Gulf Air әуе компаниясына тиесілі ұшақты байқап, әдеттен тыс рейске назар аударған. Ұшақ Мәскеуге қонуы керек болған.
Бұл ақпаратты Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайдың басқарма төрағасы Дастан Мәлиев растады.
– Иә, бізге Бахрейннен Мәскеуге бағыт алған ұшақ қонады. Сондай-ақ Ереван – Мәскеу рейсі де қонды. Бұған Мәскеу әуежайларының жабылуы себеп болды. Әуежайлар қайта ашылған соң ұшақтар сапарын жалғастырады, – деді ол «Диапазон» басылымына.
10 қараша күні кешке Мәскеу облысында ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуыл жасау қаупіне байланысты дабыл режимі жарияланды.
Ресейдің Федералды әуе көлігі агенттігі Внуково әуежайында шектеулер енгізілгенін хабарлады. Әуежай ұшақтарды тек келісім бойынша қабылдап, ұшыра бастады.
MSK1.RU басылымының жазуынша, сол уақытта Внуково әуежайында шамамен 20 рейс кешіккен. Қалған ұшақтардың басым бөлігін кестеге сай қабылдап, ұшыру жоспарланған.
Әуежайлардың жабылуы бұған дейін де рейстерге кедергі келтірген
Еске салайық, қазан айында SCAT әуе компаниясының жолаушылары Астанадан Түркияға ұшатын рейстің бірнеше сағатқа кешігуіне тап болды. Оларды демалысқа жеткізуі керек болған ұшақ Мәскеудегі Внуково әуежайында тұрған. Әуежай әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінің жұмысына байланысты жабылған еді.