20 жылдан кейін Шымкент халқы қаншаға жетеді? Жаңа бас жоспарға не енгізілді

Ulysmedia коллажы

Қазақстан картасында Шымкенттің орны ерекше. Мұнда жаз ұзақ, қыс жылы, күн шуақты, жасыл желек мол. Оңтүстіктің осындай жайлы климаты қала тұрғындарының мінезіне де әсер еткен болуы мүмкін. Шымкентті қонақжай, дастарханы мол қала деп бекер айтпайды. Бүгінде ол Қазақстандағы халқы миллионнан асқан үшінші қалаға айналды. Алайда қаланың өсуі мұнымен тоқтамайтын сияқты. Болжам бойынша, 2045 жылға қарай Шымкент халқы 2,5 миллионға жуықтайды. Демек, қалаға жаңа мектептер, жолдар, тұрғын аудандар мен коммуналдық желілер қажет болады. Ulysmedia.kz қаланың алдағы даму жоспарын зерделеп, Шымкенттің тұрғындарға жайлы болуы үшін қандай өзгерістер көзделгенін анықтады.

Шымкент америкалықтарға да ұнады

Шымкенттің өзіне тән атмосферасына жергілікті тұрғындар әлдеқашан үйренген. Ал қалаға алғаш келгендер мұны бірден байқайды. АҚШ-тың бас консулы Питер Кауфман оңтүстік өңірге жасаған сапарынан кейін алған әсерін бөлісті:

– Рақмет, Шымкент! Бұл қарқынды дамып келе жатқан қаланың әлеуетіне тәнті болдық!

Қаланың өзі де осы әлеуетке сай дамуға ұмтылып келеді. Қысқа мерзімде мегаполиске айналған Шымкенттің үш жыл бұрын қабылданған бас жоспары қазірдің өзінде ескірген. Билік 2045 жылға дейін есептелген жаңа құжатта қаланың өсу мүмкіндіктері түгел ескерілгенін айтады.

Әкімдік өкілдері алдағы жиырма жылда қала халқы 2,5 миллионға жақындауы мүмкін деп отыр.

Шымкентке жаңа бас жоспар не үшін қажет?

Бір қызығы, қаланың қолданыстағы бас жоспары небәрі үш жыл бұрын, 2023 жылғы қазанда бекітілген. Алайда жергілікті биліктің түсіндіруінше, осы уақыт ішінде бұрынғы есептер өзектілігін жоғалтқан. Жаңа инвестициялық жобалар пайда болып, жолдар мен инженерлік желілерге түсетін салмақ артқан. Ең бастысы, халық санының өсу болжамы өзгерген.

– Қала – үнемі өзгеріп отыратын тірі ағза. Кейінгі жылдары оның дамуы қарқын алды. Инвесторлар келді, өнеркәсіп саласында да айтарлықтай өзгерістер болды. Қаланың ауқымы 50-60 пайызға өзгерді, – дейді «Шымкент БасЖоспар» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Нұрлан Архабаев.

Жобалаушыларға болашақ тұрғындардың қайда тұратынын, қандай жолдармен жүретінін, балаларын қайда оқытатынын және ең бастысы, су, жылу мен электр қуатының бәріне жете ме деген мәселелерді ескеру оңайға соқпаған. Бұл оңай шаруа емес. Өйткені жаңа тұрғын аудандар салу оларды толыққанды инфрақұрылыммен қамтамасыз етуден әлдеқайда жеңіл.

Болашақ ұрпаққа 200-ден астам мектеп пен балабақша қажет

Болжам расталса, Шымкенттің әлеуметтік инфрақұрылымын едәуір кеңейтуге тура келеді. Алдын ала есеп бойынша, қалаға 200-ден астам жаңа мектеп қажет. Балабақшалар мен медициналық мекемелердің санын да екі есе арттыру көзделген.

Бұл – ауқымды көрсеткіштер. Алайда әзірге сөз бас жоспарда есепке алынған қажеттілік туралы болып отыр. Құрылыс нысандарын салудың нақты кестесі бекітілген жоқ.

Коммуналдық шаруашылықта да ауқымды өзгерістер жоспарланған. Халқы көбейетін қала үшін жаңа су алу нысаны мен кәріз жүйесіне арналған қосымша екі нысан салу қарастырылған. Жобалаушылардың пікірінше, қолданыстағы қуат алдағы уақытта сұранысты өтей алмайды.

Бұдан бөлек, үш автоматтандырылған газ тарату станциясы, жаңа электр қосалқы станциялары мен бу-газ қондырғылары салынады. Қаланың жылу қазандықтары да күрделі жөндеуден өтеді.

Мұның бәрі жаңа тұрғын үйлер мен кең даңғылдар сияқты көзге бірден түсе қоймайды. Бірақ суы, жылуы мен жарығы болмаса, ең әдемі ауданның өзі тартымдылығын тез жоғалтады.

Төрт айналма жол қаладағы көлік қозғалысын қалай өзгертеді?

Бас жоспарда көлік инфрақұрылымына да ерекше орын берілген. Шымкентте төрт айналма жол бағытын қалыптастыру көзделген. Олардың бір бөлігі қолданыстағы көшелер негізінде жасалса, қалғанын жаңадан салу қажет.

Бірінші айналма жолға Рысқұлов, әл-Фараби және Исмаилов көшелері сияқты қолданыстағы негізгі магистральдар кіреді.

Екінші айналма жол – құрылысы бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан А2 тасжолы.

Үшіншісі – Оңтүстік айналма жол. Төртіншісі – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізімен байланысатын сыртқы магистраль ШымҚАД.

Ірі жобалардың бірі – ұзындығы шамамен 50 шақырым болатын айналма жол. Жобалаушылардың жоспары бойынша, ол транзиттік көліктердің едәуір бөлігін қала сыртына бағыттауға тиіс.

Қазір Ташкенттен Алматы мен Қытайға қарай жүретін жүк көліктері қала жолдарына қосымша салмақ түсіреді.

– Бұл нысанның маңызы – Шымкенттің транзиттік әлеуетін арттыруында. Ташкенттен Алматыға және одан әрі Қытайға бағыт алған барлық транзиттік көлік осы жолмен жүреді, – деп түсіндірді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов.

Айта кетейік, ШымҚАД бағытына да өзгеріс енгізілген. Бастапқыда жолды Жаңаталап пен Алтынтөбе тұрғын алаптарының алдынан өткізу жоспарланған. Енді оны осы елді мекендердің сыртынан салу көзделіп отыр.

Шымкентте де LRT салу мәселесі қарастырылып жатыр

Жобада қоғамдық көлікті дамыту жоспарлары да бар. Алты және одан да көп жолағы бар негізгі көшелерде автобустарға арналған жеке жолақтар бөлінеді. Сондай-ақ BRT жедел автобус бағыттары мен LRT жеңіл рельсті көлігін іске қосу нұсқалары қарастырылып жатыр.

LRT желісі бойында көлік түрлерін ауыстырып мінетін тораптар мен автотұрақтар салу жоспарланған.

Алайда жеңіл рельсті көлік жобасын іске асыру оңай емес. Жобалаушылардың өздері мұндай көлікке қаланың негізгі аудандарын байланыстыратын, жеткілікті ені бар үздіксіз көлік дәліздері қажет екенін мойындайды. Ал Шымкентте мұндай талапқа сай келетін көшелер әзірге аз.

Сондықтан LRT құрылысының нақты мерзімі туралы айтуға әлі ерте. Әзірше бұл – жүзеге асыру мүмкіндігі қосымша бағалануға тиіс басым бағыттардың бірі.

Қала қай бағытта өседі?

Алдағы уақытта Шымкент негізінен солтүстікке қарай кеңейеді. Тұран, Шымкент-Сити және Бозарық аудандарында құрылыс қарқынын арттыру көзделген. Мегаполистің солтүстік-шығысы, солтүстік-батысы мен оңтүстігінде де жаңа тұрғын аудандар пайда болуы мүмкін.

Алайда құрылыс тек бос жатқан жерлерде ғана жүргізілмейді. Қаланың орталық бөлігіндегі ескі, аласа үйлер орналасқан аумақтарды қайта жаңарту жоспарланған. Олардың орнына жаңа тұрғын үйлер мен халыққа қызмет көрсететін нысандар салынуы мүмкін.

Ал кейінгі жылдары қалыптасқан жеке тұрғын үй құрылысы аудандары қазіргі шекарасында сақталады.

Өнеркәсіп кәсіпорындары үшін Шымкенттің оңтүстігі мен оңтүстік-батысынан жер бөлінеді. Қаланың шығыс бөлігін агроөнеркәсіп кешенінің қажеттіліктеріне қарай дамыту көзделген.

Әр ауданда жасыл аймақтар қарастырылып, тарихи және мәдени ескерткіштер сақталады. Сонымен қатар Шымкенттің әкімшілік шекарасын өзгерту жоспарда жоқ, яғни қала өз аумағын ұлғайтпай-ақ, тұрғындар санын едәуір арттыруға ниетті.

Әуежай ірі ұшақтарды қабылдайды

Өзгерістер тек жерүсті көлік инфрақұрылымымен шектелмейді. Шымкент әуежайында екінші ұшу-қону жолағын салу жоспарланған. Ол қолданыстағы жолақтан ұзын болады және әуежайдың ірі жолаушылар мен жүк ұшақтарын қабылдау мүмкіндігін арттырады.

Алдағы уақытта қала халықаралық жүк тасымалын дамытып, авиация және теміржол инфрақұрылымын біріктіретін көлік торабын құруды көздейді.

Шымкенттің географиялық орналасуы, Өзбекстанға жақындығы және халықаралық автомобиль бағыттарының болуы логистиканы дамытуға мүмкіндік береді.

Ал қызыл сызыққа ілінсе ше?

Кез келген бас жоспардың екі жағы бар. Бір жағында – жаңа мектептер, жолдар, саябақтар мен тұрғын аудандар. Екінші жағында – қазіргі үйлері мен жер учаскелері бар, өз мүлкінің болашағын білгісі келетін тұрғындар.

Шымкентте бұл мәселе әсіресе өзекті. Қоғамдық тыңдаулар кезінде қала тұрғындары жер учаскелерінің нысаналы мақсатының өзгеруіне және қызыл сызықтарға қатысты сұрақтар қойған.

Қала құрылысына қатысты мұндай шектеулер ғимараттарды қайта жаңартуға, нысандарды рәсімдеуге және жер учаскелерін пайдалануға кедергі келтіруі мүмкін.

Мысалы, бүгін тұрғын үй аймағына жататын жер алдағы уақытта мектеп немесе басқа қоғамдық нысан салуға бөлінуі ықтимал.

Әкімдік жерді мемлекеттік қажеттілік үшін алып қою жағдайларын барынша азайтуға тырысатынын мәлімдеді. Дегенмен жер иелері жаңа бас жоспардың өз мүлкіне қалай әсер ететінін егжей-тегжейлі карталар мен қала құрылысы шешімдері жарияланғаннан кейін ғана нақты бағалай алады.

Жоспардағы нысандар қашан салынады?

Әзірше ұсынылған құжат – жоба. Қоғамдық талқылаудан кейін ол кешенді қала құрылысы сараптамасынан өтуі керек. Осы кезеңдерде оған әлі де өзгерістер енгізілуі мүмкін.

Бекітілген бас жоспарды мемлекеттік қала құрылысы кадастрының сайтында жариялау жоспарланған.

Дегенмен бас жоспар құрылыс жұмыстарының күнтізбесі емес екенін түсіну маңызды. Ол қаланың даму бағыттарын айқындайды. Ал әрбір ірі нысанды салу үшін жеке жоба, қаржы және уақыт қажет.

Соған қарамастан, Шымкент қазірдің өзінде жиырма жылдан кейінгі келбетін елестетіп отыр. Ол кезде қала халқы 2,5 миллионға жақындауы мүмкін.

Қонақжайлығымен танылған шаһар енді жүздеген мың жаңа тұрғынды қабылдауға дайындалып жатыр. Бұл үшін оңтүстіктің әйгілі қонақжайлығы мектептермен, ауруханалармен, жолдармен, сумен және электр қуатымен толықтырылуы керек. Өйткені үлкен қала үшін оған қанша адамның қоныстанғысы келетіні ғана емес, сол жерде қаншалықты жайлы өмір сүре алатыны да маңызды.

Сізге қызық болуы мүмкін