Қазақстан халқының 58 пайызында ешқандай жинақ жоқ. Мұны Ұлттық банктің қазан айында жүргізген сауалнамасы көрсетті. Сауалнамаға қатысқандардың үштен біріне жуығы кейінгі бір жылда тұрмысы нашарлағанын айтқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ұлттық банк 18 жастан асқан 1 500 адам арасында сауалнама жүргізген. Олардың тек 28,8 пайызында ғана жинақ бар. Бір ай бұрын ақшалай қоры жоқ респонденттердің үлесі 60,3 пайыз болған. Осылайша, бұл көрсеткіш 2,3 пайыздық тармаққа төмендеген.
Тұрмысы нашарлағандар екі есе көп
Қазақстандықтардың 48,9 пайызы кейінгі бір жылда материалдық жағдайы өзгермегенін айтқан. Тағы 31,3 пайызы тұрмысы нашарлағанын мәлімдесе, тек 14,8 пайызы жағдайы жақсарғанын байқаған.
Демек, тұрмысы нашарлағанына шағымданғандар жағдайы жақсарғандарға қарағанда екі есе көп.
Отбасылар қанша табыс табады?
Сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі айына 150-300 мың теңге аралығында табыс табатынын айтқан. Олардың үлесі – 30,4 пайыз.
Респонденттердің тағы 23,4 пайызы отбасылық табысы 300-500 мың теңге аралығында екенін көрсеткен. Ал 13,8 пайызының айлық табысы 500 мың теңгеден асады.
Әрбір жетінші отбасының, яғни 15 пайызының айлық табысы 100 мың теңгеге де жетпейді. Оның ішінде 5,1 пайыз отбасының барлық мүшесіне шаққандағы табысы 40 мың теңгеден аспайды.
Тағы 12,9 пайызы айына 100-150 мың теңге табыс табатынын айтқан. Осылайша, отбасылардың 27,9 пайызының айлық табысы 150 мың теңгеден төмен.
Контекст
Еске салайық, 2026 жылдың алғашқы сегіз айында қазақстандықтардың депозиттері 8,3 пайызға өсіп, 30,5 трлн теңгеден асты. Алайда бұл қаражаттың жартысына жуығы аз ғана адамның шотында сақтаулы.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының мәліметінше, халық жинағының 45 пайызы шотында 20 млн теңгеден астам қаражаты бар адамдарға тиесілі.
Ал шотында 1 млн теңгеге дейін ақшасы бар азаматтардың қаражатының жартысынан көбі ағымдағы шоттарда сақталады. Олар бұл ақшаны күнделікті қажеттіліктеріне жұмсайды.