ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің қызметкерлері «Еңбек» РМК бас директоры Ермек Шұрманов пен азық-түлік басқармасының басшысы Фуркат Құдайбергеновті ұстады. Олар колонияларға азық-түлік сатып алуға қатысты сыбайлас жемқорлық қылмыстарына күдікті. Ulysmedia.kz редакциясы ҰҚК-ға ресми сауал жолдап, жауап алды.
Мән-жай
Қолда бар мәліметке сәйкес, Шұрманов пен Құдайбергеновті жұмыс орнында ұстаған. Қылмыстық іс қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне азық-түлік сатып алу және жеткізуге қатысты болуы мүмкін.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Ulysmedia.kz редакциясы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ресми сауал жолдады.
– Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті сіздердің сауалдарыңызды қарады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, – делінген ҰҚК жауабында.
Контекст
«Еңбек» РМК – Қазақстан ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарайтын республикалық мемлекеттік кәсіпорын. Ол сотталғандардың еңбегін ұйымдастырумен, тауар өндірумен және түзеу мекемелерінің шаруашылық қажеттіліктерін қамтамасыз етумен айналысады.
Ермек Шұрманов кәсіпорынды басқарады, ал Фуркат Құдайбергенов азық-түлік және коммуналдық қызметтер басқармасының жетекшісі. Кейінгі мемлекеттік сатып алу құжаттарында тапсырыс берушінің өкілі ретінде де көрсетілген.
Бұған дейін де «Еңбек» кәсіпорнының жұмысына қатысты шағымдар болған. Былтыр қаңтарда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бас директордың орынбасары мен құрылыс басқармасының басшысы ұсталғанын хабарлады. Олар кәсіпкерлерден келісімшарт жасасу, орындалған жұмыс актілеріне қол қою және сол жұмыстардың ақысын төлеу үшін жүйелі түрде пара алды деген күдікке ілінген. Ол кезде екеуі де қамауға алынған.
Биыл қыркүйекте Павлодар облысының прокуратурасы тағы бір заңбұзушылықты анықтады. «Еңбек-Павлодар» филиалы 289 сотталғанды жұмысқа өтірік орналастырған. Құжат жүзінде олар жұмыс істеген болып көрсетілгенімен, іс жүзінде еңбек шарттары болмаған. Тексеруден кейін кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.