Қазақстанда жарты миллионға жуық адам жұмыссыз қалды

Ulysmedia коллажы

2026 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстанда 445,6 мың адам жұмыссыз болды. Жұмыссыздық деңгейі 4,5%-ды құрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Еңбек ететіндердің көбі сауда саласында

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, шілде мен қыркүйек аралығында елде 9,4 млн адам жұмыс істеген. Олардың басым бөлігі, яғни 7,25 млн-ға жуығы жалдамалы жұмысшылар. Тағы 2,16 млн қазақстандық өз бетінше еңбек еткен.

Былтырғы үшінші тоқсанмен салыстырғанда жұмыс істейтіндер саны 73,3 мың адамға артқан. Бұл өсімге негізінен жалдамалы жұмысшылар үлес қосқан.

Қазақстандықтардың көбі сауда саласында еңбек етеді. Бұл салада елдегі барлық жұмыспен қамтылғандардың 16,8%-ы жұмыс істейді. Одан кейінгі орындарда білім беру (13,3%), өнеркәсіп (12,6%) және ауыл шаруашылығы (10,5%) тұр.

Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі қандай?

15 пен 34 жас аралығындағы жастар арасында жұмыссыздық деңгейі – 2,9%.

Статистика мамандары жұмыс істемейтін, оқымайтын және кәсіби даярлықтан өтпейтін жастардың үлесін де есептеген. Қазақстанда мұндай жастардың үлесі 5,6%-ға жеткен.

Қыркүйек айының соңында жұмыспен қамту органдарында 346,9 мың адам ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген. Бұл – елдегі жұмыс күшінің 3,5%-ы.

Сізге қызық болуы мүмкін