Украиналық «Жаңа пошта» қазақстандық кәсіпкердің банкін сатып алмақ

Ulysmedia.kz коллажы

Украинаның «Жаңа пошта» жеткізу қызметіне иелік ететін Nova тобы «БТА Банкін» сатып алуға рұқсат алды. Қазір қаржы ұйымын қазақстандық кәсіпкер Кеңес Рақышев басқарады. Мәмілеге Украина Ұлттық банкі келісім берген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

12 қарашада Украина Ұлттық банкі «НоваПей Инвест» компаниясына «БТА Банктің» 100 пайыз акциясын сатып алуға рұқсат берді. Бұл мәміленің артында Nova тобының иелері Вячеслав Климов пен Владимир Поперешнюк тұр. UNIAN басылымының жазуынша, банк сатып алу арқылы олар пошта желісінің негізінде өздерінің банк жүйесін құруға алғашқы қадам жасамақ.

«БТА Банк» Украинадағы шағын банктердің бірі саналады. Оның түпкілікті иесі – қазақстандық кәсіпкер Кеңес Рақышев.

«Жаңа поштаға» өз банкі не үшін қажет?

Nova тобының жоспары бойынша, енді тұтынушылар сәлемдеме жіберіп немесе алып жатқан бөлімшелерден банк қызметтерін де пайдалана алады.

Алдағы уақытта компания депозит ашу, валюталық шот жүргізу және халықаралық ақша аударымдарын жасау қызметтерін ұсынуды көздеп отыр. Бұл қызметтерді мобильді қосымша мен «Жаңа пошта» бөлімшелері арқылы алуға болады.

Компания әсіресе шағын қалалар мен майданға жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындарына басымдық бермек. Себебі соғыс салдарынан бұл өңірлерде дәстүрлі банктердің қызметіне қол жеткізу қиындаған.

Банктің әлеуетті тұтынушылары қатарында зейнеткерлер, қоныс аударғандар, мүмкіндігі шектеулі жандар, әскери қызметшілер мен ардагерлер бар.

Украина Ұлттық банкінің басшысы Андрей Пышный «Жаңа поштаның» кең таралған бөлімшелер желісі қаржылай қызметтерді халыққа қолжетімді етуге көмектесетінін айтты. Оның сөзінше, 2021 жылы Украина тұрғындарының 84 пайызы банк қызметтерін пайдаланған. Енді реттеуші бұл көрсеткішті 95 пайызға жеткізуді көздеп отыр.

Банкті бұған дейін де сатып алғысы келгендер болған

Бұған дейін «БТА Банкін» украиналық «Є Гроші» қаржы компаниясының тең иелері Вячеслав Мишалов пен Дмитрий Шевчук сатып алуды жоспарлаған. 2025 жылғы қаңтарда олар Украина Монополияға қарсы комитетінің рұқсатын алып, банкті микрокредит беру бизнесін дамыту үшін пайдаланбақ болған.

Алайда 2026 жылғы 2 қарашада кәсіпкерлер мәміледен бас тартып, оны мақұлдау рәсімін тоқтатқан.

Осыдан кейін Nova тобы банкті сатып алуға ниет білдірген әзірге жалғыз белгілі үміткер болып қалды.

Сізге қызық болуы мүмкін