НАТО-ға мүше болу үшін Донбастан бас тарту: АҚШ Зеленскийге тосын ұсыныс жасады

AFP

Украина НАТО мен Еуропалық одаққа мүше болу мүмкіндігін Донбастан әскерін шығару мәселесімен байланыстыра талқылауы мүмкін. Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, АҚШ өкілдері келіссөздер кезінде мұндай нұсқаны алғаш рет ұсынған. Егер Батыс елдері Киевке нақты қауіпсіздік кепілдіктерін беруге дайын болса, бұл мәселені түпкілікті шешу үшін Украина халқымен ақылдаспақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Зеленскийдің айтуынша, Вашингтон өкілдері Украина НАТО-ға мүшелік алатын болса, Донбастан әскерін шығаруға келісіп-келіспейтінін алғаш рет сұраған. Бұл туралы «Укринформ» агенттігі жазды.

Украина президенті елдің өз аумағынан жайдан-жай бас тартпайтынын атап өтті. Мұндай нұсқаны талқылау үшін Батыс елдері нақты міндеттемелер алуы керек.

Олардың қатарында НАТО мен Еуропалық одақтың қауіпсіздік кепілдіктері, Украина армиясының қуатын сақтап қалу, қару-жарақ жеткізу және белгілі бір мерзімге қаржылай қолдау көрсету бар.

Бұған қоса, Киев елді қалпына келтірудің нақты жоспарын және оны қаржыландыру көздерін айқындауды көздеп отыр.

Түпкілікті шешімді Украина халқымен ақылдаспақ

Зеленский Донбастан әскер шығару мәселесін өз бетінше шешпейтінін айтты. Егер АҚШ пен НАТО-дағы өзге серіктестер Украинаға қажет қауіпсіздік кепілдіктерін беруге дайын екенін растаса, президент бұл мәселені халықтың талқысына салмақ.

«Егер АҚШ тарапы НАТО-дағы басқа әріптестерімен бірге бізге дәл осындай кепілдіктер беруге дайын екенін растаса, онда халқымыздың пікірін сұраймын: келісеміз бе, жоқ па? Бұл мәселені өз қалауыммен шешуге құқығым жоқ», – деді Зеленский.

Сонымен қатар, ол әзірге ешқандай түпкілікті ұсыныс жасалмағанын атап өтті. Қазір ықтимал келісімнің талаптары әлі де талқыланып жатыр.

Украина Донбасты Ресей аумағы деп мойындамайды

Зеленский қандай да бір келісімге қол жеткізілген күннің өзінде Украина уақытша басып алынған аумақтарды Ресейдің жері деп мойындамайтынын мәлімдеді.

Сондай-ақ, ол Владимир Путиннің мемлекеттік шекараларға қатысты мәлімдемелеріне сенбейтінін жеткізді. Украина президентінің пікірінше, Ресей басшылығының ұстанымы АҚШ-тың арағайындық әрекеттеріне кедергі келтіріп, соғыстың аяқталуын алыстатып отыр.

Еске салайық, 10-11 қарашада Әбу-Дабиде Украина, АҚШ және Ресей өкілдерінің үшжақты келіссөздері өтті. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әскери тұтқындарды ірі көлемде алмасуға және келіссөздерді жалғастыруға келіскен. Сондай-ақ, келіссөздерге Еуропа өкілдерін қатыстыру мүмкіндігі талқыланды.

Кейін Зеленский Дублинде АҚШ президентінің арнайы өкілдері Стив Уиткофф және Джаред Кушнермен кездесті. Украина делегациясының басшысы Рустем Умеровтің айтуынша, келіссөздердің басты нәтижесі – тұтқындарды ауқымды көлемде алмасу жөніндегі уағдаластық.

Сізге қызық болуы мүмкін