Трамп, Путин және Си Цзиньпин қашан кездеседі?

Ulysmedia.kz коллажы

АҚШ пен Ресей президенттері Дональд Трамп пен Владимир Путин, сондай-ақ, Қытай төрағасы Си Цзиньпин 19 қарашада Қытайда кездеседі. Ақ үй үш ел басшыларының алғаш рет үшжақты келіссөз өткізетінін растады. Кездесудің басты тақырыбы ядролық қаруды қысқарту болмақ. Ал Украинадағы соғыс мәселесі күн тәртібіне енбеуі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Келіссөз қашан және қайда өтеді?

Үш ел басшысы 18-19 қарашада Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) саммиті аясында кездеседі.

Бұл ақпаратты Ақ үйдің өкілі Оливия Уэйлс растады. Оның айтуынша, Трамп Путин және Си Цзиньпинмен ядролық қару қорын қысқарту мүмкіндігін талқылауды жоспарлап отыр.

АҚШ президенті ядролық қарудың таралуын әлемдік қауіпсіздікке төнетін басты қатерлердің бірі деп санайды.

Дегенмен Вашингтон үш ел басшысы алғашқы кездесуде бірден келісімге келеді деп күтпейді. АҚШ әкімшілігінің жоғары лауазымды өкілі алдағы келіссөздер болашақ уағдаластықтарға бастайтын алғашқы қадам ғана болатынын түсіндірді.

Украинадағы соғыс талқылана ма?

Кездесуге Путин қатысқанымен, алдын ала мәлімет бойынша, Украинадағы соғысты тоқтату мәселесі негізгі күн тәртібіне енгізілмеген.

АҚШ әкімшілігінің түсіндіруінше, соғысты реттеу жөніндегі келіссөздер бөлек жүргізіліп жатыр және Қытай оған тікелей қатыспайды.

Сонымен қатар, үш ел басшысы АҚШ-тың Иранға қарсы соғысын және Солтүстік Корея төңірегіндегі жағдайды талқылауы мүмкін.

Әзірге Шэньчжэньде Трамп пен Путиннің жеке кездесуі жоспарланбаған.

Үшжақты кездесуді кім ұсынды?

Үш ел басшысын бір үстел басына жинау туралы бастама қазанда көтерілген.

Сол кезде The Wall Street Journal басылымы мұндай ұсынысты Владимир Путин жасағанын хабарлады.

Басылым мәліметінше, Ресей президенті Украина мен Еуропа елдерінің қатысуынсыз соғысты тоқтату шарттарын талқылауды көздеген.

Трамп мұндай кездесудің өту мүмкіндігін жоққа шығармағанымен, ядролық қарусыздану мәселесіне басымдық беруді жөн көрген.

Сізге қызық болуы мүмкін