Қарағанды облысының Теміртау қаласында жолаушылар автобусы жол апатына ұшырады. Қозғалыс кезінде 64 жастағы жүргізушінің кенет жағдайы нашарлап, автобус ағашқа соғылған. Жүргізуші оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жол апаты 14 қарашада сағат 10:30 шамасында болған. Полиция мәліметінше, Yutong автобусының жүргізушісі көлік жүргізіп келе жатып есінен танып қалған.
Салдарынан басқарусыз қалған автобус жүрісін жалғастырып, ағашқа соғылған.
Апат кезінде автобуста шамамен 15 жолаушы болған. Олардың ешқайсы зардап шекпеген.
Алайда 64 жастағы жүргізушіні аман алып қалу мүмкін болмады. Ол оқиға орнында қайтыс болды. Әзірге ер адамның неден көз жұмғаны белгісіз.
Қарағанды облыстық полиция департаменті оқиғаны растады.
«Бұл дерек полицияда тіркелді. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», – деп хабарлады ведомство.