Қазақстан мен Әзербайжан Каспий теңізінің тартылу мәселесіне әлем назарын аударуға тырысып келеді. Алайда Каспий жағалауындағы бес мемлекеттің теңізді сақтап қалу жолындағы бірлескен жұмысы әзірге жеткіліксіз. Эколог Вадим Ни теңізді құтқаруға бағытталған зерттеулерді жеделдетіп, нақты шешімдер қабылдау үшін Астана мен Баку бастаманы өз қолына алуы керек деп есептейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Haqqin.az басылымының жазуынша, Қазақстанның экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров пен Әзербайжан президентінің климат мәселелері жөніндегі өкілі Мұхтар Бабаев Антальяда өткен COP31 конференциясы аясында Каспий теңізінің тартылу мәселесін талқылаған.
Кездесу барысында тараптар теңіздің табиғатын қорғау бағытындағы ынтымақтастықты жалғастырып, ортақ іс-қимылды үйлестіруге келіскен.
Save the Caspian Sea экологиялық қозғалысының негізін қалаушы Вадим Ни бұл кездесу ауқымды бірлескен жұмыстың бастамасы болуы мүмкін деп санайды.
Оның пікірінше, Қазақстан мен Әзербайжан Каспийді сақтап қалу ісіне теңіз жағалауындағы өзге мемлекеттерді де жұмылдыра алады.
«Қазақстан ұсынған Каспийді құтқару жөніндегі мемлекетаралық бағдарламаны қолға алатын уақыт жетті. Бұл жұмысқа Ресей мен басқа да елдерді, сондай-ақ халықаралық ұйымдарды тарту қажет», – деді эколог.
Вадим Нидің айтуынша, Қазақстан Каспийді сақтап қалуға арналған бірлескен бағдарламаның ұсыныстарын әзірлеп қойған. Алайда олар халықаралық серіктестермен әлі талқыланбаған.
Эколог Каспий жағалауындағы бес елдің ішінде қазір Қазақстан мен Әзербайжан ғана бұл мәселеге ерекше белсенділік танытып отырғанын атап өтті.
«Біздің елдерге теңіздің неліктен тартылып жатқанын, оның ластану себептерін және өзге де экологиялық мәселелерді тереңірек зерттеуге тура келетін сияқты. Сонда Каспий жағалауындағы бес мемлекет деңгейінде шешім қабылдауға қажетті ғылыми негіз қалыптасады», – деді ол.
Маманның пікірінше, мұндай зерттеулер теңіздегі экологиялық өзгерістердің ауқымын анықтап, жағдайды жақсартуға көмектесетін нақты шараларды белгілеуге мүмкіндік береді.
Эколог Қара теңіз бен Балтық теңізін қорғауға арналған мемлекетаралық экологиялық бағдарламалардың бұрыннан жұмыс істеп келе жатқанын еске салды.
Ал Каспий жағалауындағы елдер бұл тұрғыда кешігіп жатыр деп есептейді.
Қажет зерттеулерді жүргізуге халықаралық климат қорларының, БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының, Дүниежүзілік банктің және басқа да ұйымдардың қаржысын тартуға болады.
Алайда мұндай қаржыға қол жеткізу бірнеше жылға созылуы мүмкін.
«Ең тиімді жол – елдеріміздің мемлекеттік бюджетінен қаржы бөліп, зерттеу жұмыстарын бір мезгілде жүргізу. Бұл әлдеқайда жылдам нәтиже береді», – деді Вадим Ни.
Эколог бұл іске Шанхай ынтымақтастық ұйымын да тарту қажет деп санайды.
Сондай-ақ, ол су қауіпсіздігі мәселелерімен айналысатын Халықаралық су ұйымын құру бастамасын ілгерілетуді ұсынды.
Экологтың айтуынша, Каспий теңізінің тартылуына әсер ететін негізгі мәселелердің бірі – оған құятын өзендердің суын пайдалану көлемі.
Ол әсіресе Каспийге келетін өзен суының басым бөлігін қамтамасыз ететін Еділге назар аудару қажет екенін айтты.
«Қазір ең басты міндет – Ресейдің Каспийге құятын негізгі өзен саналатын Еділден су алуға қатаң шектеу қоюы», – деді Вадим Ни.
Экологтың пікірінше, бұл мәселені Қазақстан мен Әзербайжанның күшімен ғана шешу қиын.
Сондықтан халықаралық талқылауға Каспий жағалауындағы мемлекеттермен қатар, осы мәселеге мүдделі өзге елдерді де тарту қажет.
Вадим Нидің пікірінше, Каспий мәселесін шешуде Қытай да маңызды рөл атқара алады.
Бейжің Азия мен Еуропаны Каспий теңізі арқылы байланыстыратын Орта дәлізді дамытуға мүдделі.
Ал теңіздің тартылуы кемелердің қатынауын қиындатып, жүк тасымалына кері әсер етуі мүмкін.
Сондықтан эколог Қытайды Каспийдің экологиялық мәселелерін, соның ішінде өзен суларын пайдалану тәртібін талқылауға белсендірек қатыстыруды ұсынады.
«Әзірге Қытай Каспийді сақтап қалу ісіне белсенді араласып отырған жоқ. Дегенмен Бейжіңнің бұл мәселеге, соның ішінде Ресейдің өзеннен су алу көлеміне қатысты талқылауларға кеңінен қатысуына мүмкіндік бар», – деді сарапшы.
Ол Еуропалық одақ пен АҚШ-ты да келіссөздерге тартуды ұсынды.
2027 жылдың қаңтарынан бастап Каспий теңізінің су биологиялық ресурстары жөніндегі комиссияға төрағалық ету кезегі Түрікменстаннан Әзербайжанға өтеді.