Цифрлық ортада балалардың құқығын қорғауға бағытталған, «әлеуметтік желілерге тыйым салу» деген атпен белгілі түзетулерді депутаттар әзірлеп шықты. Бұл – жасанды интеллект кіріктірілген, заңнаманы талдап, құқықтық шешімдер ұсына алатын AI-Құрылтай платформасының көмегімен дайындалған алғашқы құжат, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жасанды интеллект заң жобасын әзірлеуге қалай көмектесті
Бір палаталы парламент тарихындағы алғашқы үкімет сағатын ашқан Құрылтай төрағасының орынбасары Динара Зәкиева «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыруға арналған заң жобаларының бірі туралы айтты.
Зәкиеваның сөзінше, AI-Құрылтай платформасы балалардың цифрлық ақпараттық ортада кезігетін қауіптеріне терең талдау жасауға мүмкіндік берген. Сонымен қатар құрамына 800 мыңнан астам нормативтік-құқықтық акт енгізілген, арнайы оқытылған заңгерлік модель заң жобасының мәтінін әзірлеу кезінде алғаш рет тікелей қолданылған.
– Нәтижесінде бұл жүйе жаңа қауіптер мен технологиялардың дамуын ескере отырып, балалардың цифрлық ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды шаралар кешенін ұсынды, – деді Құрылтай төрағасының орынбасары.
Атап айтқанда, заң жобасында цифрлық платформаларға, онлайн ойындар мен қосымшаларға қойылатын жаңа талаптар қарастырылған. Олардың иелеріне цифрлық өнімдерді таңбалап, мазмұны туралы толық ақпарат беру міндеттелмек. Мысалы, ойын ішінде пайдаланушылардың бір-бірімен хат алмасу мүмкіндігі немесе ойын ішіндегі сатып алулар қарастырылған-қарастырылмағаны көрсетілуі керек.
– Уәкілетті мемлекеттік органның міндетті верификация жүргізу тетігі, заңбұзушылықтарды анықтау үшін мониторинг жасау, өнімнен қауіп немесе қатер анықталған жағдайда ақпараттық не цифрлық өнімді жою немесе бұғаттау талабы енгізіледі. Сонымен бірге заңнама талаптарын бұзғаны үшін платформалар иелерінің жауапкершілігі белгіленеді, – деді Динара Зәкиева.
Осындай шаралар маркетплейстерге де енгізілмек.
Ата-ана бақылауы мен балаларға арналған IT-карталар
Тағы бір бастама – барлық цифрлық платформада ата-ана бақылауы функциясын міндетті түрде енгізу. Заң жобасын әзірлеушілердің жоспары бойынша, балаларға арналған контентті сүзгілеу жүйесі жұмыс істейді.
Таңбаланбаған және верификациядан өтпеген цифрлық өнімдерді, қосымшалар мен ойындарды бала көре алмайды әрі жүктей алмайды.
Бұдан бөлек, заң жобасына халықаралық тәжірибеге негізделген фотосуреті бар балаларға арналған IT-карталарды енгізу бастамасы қосылған. Олар әр баланың жеке басын нақты анықтауға мүмкіндік беруі керек.
Зәкиеваның айтуынша, мұндай жүйе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ғана емес, олардың барлық құқығын іске асыру барысын цифрлық сүйемелдеу үшін де қажет.
120-дан астам түзету енгізілді
Заң жобасына барлығы 120-дан астам түзету енгізілген. Депутат жасанды интеллект ұсынған бастамалар автоматты түрде қабылданбағанын атап өтті.
– «Құрылтай» ақпараттық жүйесі аясында әзірленген барлық ұсынысты заң жобасын дайындаған депутаттардың өздері, заңгерлер және шақырылған сарапшылар тексеріп, пысықтады, – деп сендірді Динара Закиева.
Енді құжат Үкіметтің қорытындысын алу үшін жіберіледі. Одан кейін оны әзірлеу жұмысы жұмыс топтары аясында жалғасады.
Контекст
Қазақстанда әлеуметтік желілерді, онлайн-платформалар мен ойындарды пайдалануға шектеу қою мәселесі көптен бері талқыланып келеді. Депутаттардың айтуынша, Қазақстандағы балалардың шамамен 88 пайызы смартфонды белсенді пайдаланады.
– Әлеуметтік желілерге шамадан тыс әуестену кітап оқуға, спортпен айналысуға және отбасымен араласуға бөлінетін уақытты қысқартады. Соның салдарынан зейін қою, ақпаратты терең қабылдау және сыни ойлау қабілеті айтарлықтай төмендейді, – деген еді Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжанов.