Атырау облысында 90 жастағы әкесін ұрып-соқты деп айыпталған 47 жастағы ер адам сот алдында жауап беріп жатыр. Жәбірленуші Әділхан Сисенов сот отырысына өзі келіп, басынан өткерген жағдайды айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қария ұлының әлі күнге дейін қамауға алынбағанына наразылық білдірді.
– Оны неге төрт айдан бері қамауға алмай жүр? Ол мені үйге қамап, қол-аяғымды байлап, үнемі басымнан ұратын. Жақында инсульт алдым. Бұл басымнан қайта-қайта соққы алғанымнан болды, – деді Сисенов.
Үйден қашып шығып, журналистерге болған жағдайды айтқан
Оқиға Сағыз ауылында болған. Қарияның айтуынша, кенже ұлы оны ұрып қана қоймай, тамақ пен су да бермей қойған.
Сисенов үйден қашып шығып, басынан өткен жағдайды журналистерге айтып берген. Осыдан кейін төсек тартып жатып қалған. Біраз уақыт жағдайы ауыр болған.
Ұлына қатысты қылмыстық іс тек оқиға қоғамға жария болғаннан кейін қозғалған. Қазір ол бостандықта жүр және өзіне тағылған айыпты мойындамайды.
Туыстары қарияны қолдады
Сот отырысына қарияны қолдауға туыстары да келген.
– Бауырым ауырып қалды, бірақ есін жиды. Қазір жағдайы жақсарды. Оның ұлының әрекетінен бүкіл туысымызбен араздасып қалдық. Енді істеген ісіне жауап берсін, – деді жәбірленушінің әпкесі Кенжетай Сисенова.
Сот істің материалдарын қарауды жалғастырып жатыр.
Контекст
Еске салайық, қаңтарда Түркістан облысының соты ауыр науқас әкесін ұрып-соққан 41 жастағы ер адамды бес жылға бас бостандығынан айырған еді. Өздігінен жүріп-тұра алмайтын қарт кісі кезекті соққыдан кейін қайтыс болған.
Көршілері оны ұрып-соққан сәттердің бірін видеоға түсіріп алған. Сараптама марқұмның қабырғасы мен мұрны сынғанын анықтаған. Алайда денесі ұзақ уақыт жатқандықтан, өлімнің нақты себебін анықтау мүмкін болмаған.