Тергеу соты «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшысы Елжас Отыншиевті қамауға алуға санкция берді. Бұл ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитеті ресми түрде растады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
«Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшылары 11 қарашада ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің ауқымды арнайы операциясы кезінде ұсталған. Кейін сот оларды қамауға алу туралы шешім шығарған.
– 12 қарашада аталған тұлғалар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен уақытша ұстау изоляторына қамалды. 14 қарашада тергеу сотының санкциясымен оларға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр, – деп хабарлады ҰҚК.
Арнайы қызмет өкілдері Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайтынын мәлімдеді.
Шулы істің мән-жайы
Квазимемлекеттік сектордағы ірі компаниялардың басшыларының ұсталғаны қараша айындағы ең көп талқыланған оқиғалардың біріне айналды.
Еске салайық, арнайы операция Астанадағы «Атлант» тұрғын үй кешенінің маңында болған оқиғадан кейін болды. Жедел-тергеу шаралары кезінде элиталық пәтердің терезесінен көшеге доллар купюраларының бумалары шашылған еді. Бұл көрініс әлеуметтік желіде қызу талқыланды.
Кейін Ақорда бұл оқиғаға қатысты түсініктеме беріп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жағдайдан әуел бастан хабардар болғанын мәлімдеді. Сондай-ақ бұл оқиға мемлекеттік компаниялардағы жемқорлықтың ауқымын ашып көрсеткенін атап өтті.
Басшылары ұсталған соң «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ өкілдері компаниялардың әдеттегі жұмыс тәртібімен жұмыс істеп жатқанын хабарлады.