Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев журналист Вадим Борейкоға қатысты сот процесіне пікір білдірді. Сот журналисті құрылыс компаниясына 43 миллион теңгеден астам ақша төлеуге міндеттеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Құрылтайда өткен брифингте министрге осы мәселеге қатысты сұрақ қойылды. Журналистер Алматының Бостандық аудандық соты «Гиперборей» YouTube-арнасының авторы Вадим Борейкоға қарсы Etude-Ybyrai құрылыс компаниясының талап-арызын ішінара қанағаттандырғанын еске салды. Сот журналисті 43 миллион теңгеден астам ақша төлеуге, дау тудырған жазбаларды өшіруге және теріске шығаруға міндеттеген.
Арман Қырықбаев министрлік журналистерге қатысты мұндай сот дауларын құптамайтынын айтты.
– Бірақ өмір болған соң, түрлі жағдай болады. Қазақстан азаматы сотқа жүгінді. Менің білуімше, бастапқыда талап етілген сома әлдеқайда көп болған. Мұнда қылмыстық немесе басқа да қудалау жоқ. Бұл – азаматтық-құқықтық қатынас, – деді министр.
Оның айтуынша, ведомство сот шешіміне қатысты түсінік бере алмайды.
– Біз не қоса аламыз немесе қалай түсініктеме бере аламыз? Тараптар бұл мәселені заң аясында әрі қарай шешуі керек. Ол үшін тиісті нормалар мен адвокаттар бар. Журналист өз құқығы бұзылды деп есептесе, сот шешіміне шағымдана алады. Оған ешкім кедергі келтірмейді, – деді ол.
Контекст
Еске салайық, Etude-Ybyrai құрылыс компаниясы Вадим Борейкоға қарсы талап-арызды 2026 жылғы сәуірде берген. Бұған журналистің «Гиперборей» YouTube-арнасында Алматыдағы Premier тұрғын үй кешенінің құрылысы және құрылыс компаниясының жергілікті тұрғындармен арасындағы жанжал туралы жариялаған жеті видеосы себеп болған.
Компания бастапқыда журналистен іскерлік беделіне нұқсан келтірді деп, 71,75 миллион теңге өндіріп алуды талап еткен.
13 қарашада Алматының Бостандық аудандық соты талап-арызды ішінара қанағаттандырып, Борейкодан 43 миллион теңгеден астам ақша өндіріп алу туралы шешім шығарды. Сонымен қатар журналисті даулы материалдарды өшіріп, теріске шығаруды міндеттеді.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. Журналистің қорғау тарапы оған апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.