«Қазақстан өз байлығына өзі иелік етуі керек»: АҚШ елшісі вольфрам жобасы туралы

фото: Ulysmedia.kz

Қазақстан мен АҚШ арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – вольфрам өндіру жобасы. Америкалық Cove Capital компаниясы жүзеге асыратын  бұл бастама әлемдегі ең ірі вольфрам жобаларының қатарына кіреді. АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули Стаффт Ulysmedia.kz  бас редакторы Самал Ибраеваға берген сұхбатында жобаның ел экономикасына берер пайдасы, батыстық инвесторлар үшін маңызы және Қазақстанның табиғи ресурстарына өзі иелік ету мүмкіндігі туралы пікір білдірді.

Америкалық инвестицияның Қазақстан үшін маңызы

Елшінің айтуынша, америкалық компаниялардың Қазақстан экономикасына қосқан үлесі ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан басталады. Әсіресе мұнай-газ саласына салынған инвестициялар ел экономикасының қалыптасуына негіз болған.

«Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары америкалық компаниялардың мұнай-газ саласына салған инвестициялары бүкіл экономиканың іргетасын қалады. Америкалық компаниялар Қазақстан тарихының бастапқы кезеңінде-ақ келіп, елдің бүгінгі дәулетіне негіз болған инвестиция құйды. Қазақстандықтар үшін жүздеген мың жұмыс орнын ашып, озық технологиялар әкелді. Мұны мақтанышпен айтамыз», – деді Джули Стаффт.

Оның сөзінше, Cove Capital компаниясының вольфрам жобасы да Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар бастамалардың бірі. Елші оны әлемдегі ең ірі вольфрам жобаларының қатарына жатқызып, нәтижесі тек өндіріс көлемімен шектелмейтінін атап өтті.

«Менің ойымша, бұл жоба Қазақстанға бірнеше маңызды нәтиже береді. Ең бастысы, ол өзге америкалық және батыстық тау-кен компанияларына Қазақстанда мұндай жобаларды табысты жүзеге асыруға болатынын көрсетеді. Батыстық инвесторлардың елге келіп, осы салада серіктес болуының қаншалықты маңызды екенін дәлелдейді», – деді елші.

Қазақстан өз ресурстарына қатысты дербес шешім қабылдай ала ма?

Сондай-ақ Джули Стаффт вольфрам және басқа да маңызды минералдар саласындағы бірлескен жобалар Қазақстанның табиғи ресурстарына қатысты шешімдерді өз бетінше қабылдауына мүмкіндік беретінін айтты. Оның пікірінше, америкалық инвестиция Қазақстанға өз ресурстарының бағасы мен сатылымын бақылауға жол ашады.

«Америкалық инвестордың Қазақстанға келіп, вольфрам өндіруге қаржы салуы елімізге өз вольфрамының бағасы мен сатылымын өзі бақылауға мүмкіндік береді. Әлемдегі бір ғана алпауыттың минералдар нарығын толық бақылап, бағаны өз қалауынша белгілеуін қаламаймыз. Егер олар бағаны тым төмендетсе, Қазақстан өз ресурстарынан тиесілі пайдасын көре алмай қалуы мүмкін. Сондықтан америкалық инвесторлармен жұмыс істеу, ең алдымен, Қазақстанның өзіне тиімді», – деді ол.

Елші АҚШ-тың тау-кен өнеркәсібінде мол тәжірибесі барын да атап өтті. Оның айтуынша, америкалық тарап осы тәжірибесін Қазақстанмен бөлісуге дайын. Ал мұндай әріптестіктің түпкі мақсаты – Қазақстанның өз табиғи байлығына өзі иелік етіп, маңызды шешімдерді дербес қабылдауына жағдай жасау.

«АҚШ – тау-кен саласы жақсы дамыған ел. Бұл бағытта тәжірибеміз мол. Қазақстан өз байлығына өзі иелік етіп, шешімді өзі қабылдауы үшін сол тәжірибемізді осында әкеліп отырмыз», – деді Джули Стаффт.

Сізге қызық болуы мүмкін