Кеңес Рақышев Украинадағы БТА банкін «Новая почта» жеткізу операторы тиесілі Nova тобына сатты. Енді банк NovaBank деп аталмақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мәміле қалай өтті?
Мәміле 17 қарашада аяқталды. Тараптар оның құнын жариялаған жоқ. Рақышев украиналық банкті иеленген қазақстандық БТА банк 16 қарашада Қаржылық есептілік депозитарийіне үлесінің нөлге дейін азайғаны туралы мәлімет берген.
Банкті NovaPay Invest компаниясы сатып алды. Оның тең үлеспен иелері – «Новая почтаның» негізін қалаушылар Вячеслав Климов пен Владимир Поперешнюк және Nova тобының байқау кеңесінің төрағасы Тарас Кириченко.
Украина Ұлттық банкі мәмілеге 12 қарашада рұқсат берген.
Nova тобы банкті NovaPay төлем сервисімен біріктіреді. Алғашқы кезеңде жеке тұлғалар мен бизнеске арналған қызметтер тек онлайн форматта көрсетіледі. Кейін топ өз бөлімшелерін ашуды жоспарлап отыр. Компанияның мәліметінше, қазіргі клиенттер үшін қызмет көрсету шарттары өзгермейді.
Алты жылға созылған сауда
Кеңес Рақышев банкті 2020 жылдан бері сатуға тырысып келген.
Алғашқы сатып алушылардың бірі Беларусь кәсіпкері Николай Воробей болуы мүмкін еді. Алайда 2020 жылғы желтоқсанда Украина Ұлттық банкі оның іскерлік беделіне, соның ішінде Еуропалық одақ санкцияларына қатысты сұрақтар туындағандықтан, мәмілеге рұқсат бермеді.
2021 жылғы қазанда украиналық БТА банкті Kaspi.kz сатып алатыны туралы хабарланды. Мәмілені Украина монополияға қарсы комитеті мақұлдағанымен, сатып алу жүзеге аспады. Кейін Рақышев Kaspi-дің соғысқа байланысты келісімнен бас тартқанын түсіндірді.
2025 жылғы қаңтарда украиналық «Е Гроши» микрокредиттік компаниясының тең иелері Вячеслав Мишалов пен Дмитрий Шевчукке банкті сатып алуға рұқсат берілді. Алайда 2026 жылғы 2 қарашада олар мәміледен бас тартты. Осыдан кейін Nova жалғыз үміткер болып қалды. Арада он күн өткенде реттеуші оның өтінімін мақұлдады.