Санкциялар һәм сауда: Қазақстанға АҚШ-тан әскери техника сатып алуға шектеу бар ма

ЖИ/Ulysmedia.kz

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули Стаффт Ulysmedia.kz  бас редакторы Самал Ибраеваға берген сұхбатында екі елдің қорғаныс саласындағы ынтымақтастығы, америкалық әскери өнімдерді сатып алуға қойылған шектеулер және Қазақстанның Ресейге қатысты санкцияларды сақтау мәселесі туралы айтты.

«Қазақстан АҚШ-тан әскери техника сатып ала алады»

Елшінің сөзінше, АҚШ Қазақстанмен қорғаныс саласын қоса алғанда, түрлі бағытта тығыз әріптестік орнатуға мүдделі. 

«АҚШ қорғаныс саласын қоса алғанда, кез келген бағытта Қазақстанның негізгі әріптесі болуға дайын. Сондықтан біз министрлікпен тығыз жұмыс істейміз және екі ел де мұны орынды деп тапса, Қазақстан АҚШ-тан әскери техника сатып ала алады. Қазір біз осы сатып алулар жөнінде белсенді келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Қазіргі талқыланып жатқан мәселелерге санкциялардың қандай да бір кедергі келтіріп отырғанынан хабарым жоқ», – деді Джули Стаффт.

Осы ретте елші әскери өнімдердің барлығына бірдей шектеу қойылмағанын атап өтті. Оның сөзінше, кейбір тауарларға қатысты техникалық талаптар мен жекелеген шектеулер болуы мүмкін. Дегенмен Қазақстан сатып ала алатын америкалық әскери өнімдер көп, олардың кейбірі бұған дейін де жеткізілген.

«Сатылымда тұрған әскери техниканың түрі өте көп. Сондықтан кейбір дүниелерге қатысты өте тар шеңбердегі техникалық сұрақтар туындауы мүмкін. Мен бұл жағын терең біле бермеймін, бірақ мұндай шектеулерге жатпайтын өнімдер өте көп. Олардың кейбірін Қазақстан бұған дейін де сатып алған», – деді елші.

Ресейге қатысты санкциялардың сақталуы

Сұхбат барысында Джули Стаффт Қазақстанның Ресейге қатысты халықаралық және АҚШ санкцияларын сақтау мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, америкалық тарап Қазақстанның бұл бағыттағы жұмысын оң бағалайды.

Елші инвестициялық ахуал туралы АҚШ есебінде де Қазақстанның санкция талаптарын орындауға қатысты атқарған жұмысы атап өтілгенін жеткізді. Әсіресе Ресеймен шекарасының ұзындығы мен екі ел арасындағы тығыз экономикалық байланысты ескерсек, бұл оңай міндет емес екенін айтты.

«Екі ел арасындағы шекараның ұзындығы мен экономикалық байланыстардың тығыздығын ескерсек, бұл шынымен де орасан зор еңбекті талап етті. Сондықтан Қазақстанның санкция талаптарын сақтауы біз үшін өте маңызды. Біз Қазақстанның бұл бағытта жақсы нәтиже көрсетіп отырғанына сенеміз. Бұл жөнінде жиі пікір алмасамыз және қорғаныс саласындағы әріптестігімізді де одан әрі жалғастырамыз деп үміттенеміз», – деді Джули Стаффт.

Сізге қызық болуы мүмкін