Жұманғаринге таксистер мен курьерлердің салығын жеңілдету туралы ұсыныс түсті

gov.kz

Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған салық ережелерін қайта қарау ұсынылды. Өзгерістер таксистерге, курьерлерге, құрылысшыларға және маусымдық жұмыс істейтін адамдарға қатысты болуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Табысы көбейсе, жеңілдетілген режимнен айырылады

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимі қолданысқа енді. Ол азаматтарға заңды түрде жұмыс істеуге, салықты жеңілдетілген тәртіппен төлеуге және әлеуметтік қорғау жүйесіне қатысуға мүмкіндік береді.

Алайда бұл режимнің бір шектеуі бар – айлық табыс 300 АЕК-тен аспауы керек. Табысы тұрақсыз азаматтар үшін мұндай талап қиындық тудыруы мүмкін.

Бұл мәселеге Құрылтай депутаты Олжас Нұралдинов вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жолдаған сауалында назар аударды.

Мысалы, құрылысшы немесе жөндеу шебері жылдық табысының басым бөлігін жазда, тапсырыс көп кезде табуы мүмкін. Ал қыста жұмыс азаяды, бірақ бір айдағы табысы белгіленген шектен асып кетсе, ол арнайы салық режимін қолдану құқығынан айырылады.

– Бір адам ай сайын 500 мың теңге табады, жылдық табысы 6 миллион теңге болады. Екінші адам төрт ай бойы айына 1,5 миллион теңгеден табыс табуы мүмкін. Оның да жылдық табысы 6 миллион теңге, бірақ айлық лимиттен асып кеткендіктен, ол осы салық режимін қолдана алмайды, – деді депутат.

Осыған байланысты айлық 300 АЕК шектеуін жылдық 3 600 АЕК лимитіне ауыстыру ұсынылды. Жылдық табыстың рұқсат етілген мөлшері өзгермейді, бірақ өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар маусымдық тапсырыстар көбейген кезде айлық шектен асып кетеміз деп алаңдамай, табысын айларға қарай бөле алады.

Комиссия табысты азайтады

Депутаттың екінші ұсынысы онлайн платформалар арқылы жұмыс істейтін азаматтарға қатысты. Ол мысал ретінде Яндекс Go сервисін келтіріп, платформа комиссиясы кейде тапсырыс құнының 23%-ына дейін жететінін айтты.

Бұл қаражатты сервис өзі ұстап қалады, жүргізуші немесе курьер оны алмайды. Соған қарамастан, комиссия өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтың табысын есептеу кезінде ескеріледі.

– Азаматтың қолына нақты тимеген ақшаны оның табысы деп есептеу қаншалықты дұрыс? Платформа комиссияны өзі ұстап, өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамның табысын комиссия шегерілгеннен кейін қалған сомамен есептеуді ұсынамыз, – деді депутат Ұлттық экономика министрлігіне жолдаған сауалында.

Контекст

Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке жаңа Салық кодексіндегі қайшылықтарды жоюды және кәсіпкерлерге артық салмақ түсіретін талаптарды жеңілдетуді тапсырған.

Сізге қызық болуы мүмкін