Шымкентте Мәдениет және өнер ұлттық университеті ашылады

ЖИ/Ulysmedia.kz

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Шымкентте Мәдениет және өнер ұлттық университеті құрылады. Тиісті қаулыға Үкімет басшысы қол қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жаңа университет қандай мамандарды дайындайды?

Жаңа жоғары оқу орны Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің мәдениет және өнер факультеті негізінде ашылады. Мұнда бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша мамандар даярланады.

Мамандар даярлауда кино және драматургия, кино және теледидар режиссурасы, графика мен мультимедиа, медиаменеджмент, операторлық өнер және дыбыс режиссурасы сияқты сұранысқа ие шығармашылық бағыттарға басымдық беріледі.

Университетке ерекше мәртебе беріледі. Бұл оқу орнына заманауи білім беру бағдарламаларын енгізуге, халықаралық жобаларға қатысуға және білім, ғылым, мәдениет пен креативті индустриялар саласындағы ынтымақтастықты дамытуға кең мүмкіндік ашады.

Шымкентте өнердің өрісі кеңейді

Шымкент соңғы жылдары мәдениет пен өнер саласында дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Қалада театрлардың репертуары жаңарып, музей қорлары цифрландырылып, кітапханалар жаңа басылымдармен толықтырылуда. Сонымен бірге жергілікті шығармашылық ұжымдар халықаралық фестивальдерге қатысып, ұлттық өнерді шетелде танытып жүр. Биыл қала өнерпаздары Мысыр, Өзбекстан, Чехия, Түркия, Германия, Грузия және Словенияда өткен мәдени шараларға қатысты.

Мәселен, «Қазына» халық би ансамблі Мысырдың Асуан қаласындағы «Aswan International Festival for Culture and Arts» фестиваліне, Өзбекстандағы «Әндіжан – 2026 Түркі әлемінің мәдени астанасы» шарасына, Чехияда өткен 81-халықаралық фольклор фестиваліне және Түркиядағы «Кечиөрен», «Тоқат» фестивальдеріне қатысты.

«Қаған» этно-фольклорлық ансамблі Германияда өткен Наурыз мерекесіне арналған шарада өнер көрсетсе, «Қаратау» фольклорлық ансамблі Грузияның Кутаиси қаласындағы мерекелік концертке қатысты. Ал Словенияның Любляна қаласында өткен «Midsummer Night» халықаралық мәдени-қоғамдық қайырымдылық кешінде «Яссы» және «Қаратау» ансамбльдері өнер көрсетті.

Халықаралық байқауларда да шымкенттік өнерпаздар жүлдесіз қалған жоқ. «Қаған» этно-фольклорлық ансамблі Өзбекстанның Наманган қаласында өткен III халықаралық Мақом өнер байқауында екінші орын алды. Эстрада әншісі Фариза Беймаханбет «Жұлдыз-2026» республикалық байқауының бас жүлдесін иеленсе, дәстүрлі әнші Асылбек Бейсов «Көктем-қыздар» ән байқауында бас жүлдеге ие болды. Ал Алмасқожа Музаппаров «Түркістан мақамдары» байқауында үшінші орын алса, оркестр әртісі Дәулет Оңғар «Күй құдіреті» республикалық күйшілер байқауында үшінші орынға қол жеткізді.

Театр ұжымдары да халықаралық және республикалық фестивальдерге қатысып жүр. Шымкент қалалық Өзбек драма театры Таразда өткен «Тұңғышбай Әл-Таразий Таразға шақырады» халықаралық актерлік өнер фестивалінде Улуғбек Хамдаидың «Ұстаз» драмасын ұсынып, Қазақстан театр қайраткерлерінің «Дара» медаліне ие болды. Шымкент қалалық Жастар театры Румынияның Тырговиш қаласында өткен XIV «Babel» халықаралық орындаушылық өнер фестиваліне қатысты. Ал Әзіл-сықақ және сатира театры Шиелі ауданындағы республикалық байқауда арнайы жүлде иеленді.

Сізге қызық болуы мүмкін