Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне тоқталып, кінәлілердің ешқайсысы заң алдындағы жауапкершіліктен құтылмайтынын айтты. Оның сөзінше, жемқорларға лауазымы да, сіңірген еңбегі де, ықпалды қамқоршылары да көмектеспейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Мемлекет басшысы «Заң және Тәртіп» қағидаты Әділетті Қазақстан құру жолындағы негізгі ұстаным екенін атап өтті.
«Қазақстан сенімді серіктес ретінде Конституциядағы «Заң және Тәртіп» қағидатының тұрақты, болжамды әрі ашық ортаның берік негізіне айналуын қамтамасыз етеді.
– «Заң және Тәртіп» – жай ғана мемлекеттік саясаттың бір қағидаты емес. Ол – менің Әділетті Қазақстан құру жолындағы асқақ мұратымның арқауы, өзегі десем болады», – деді президент.
Тоқаевтың айтуынша, елдегі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар әділдік, отаншылдық, толеранттылық, еңбекқорлық, шығармашылық, зайырлылық және прогресс құндылықтарына негізделген. Конституцияда заң мен сот алдында бәрінің тең екені нақты бекітіледі.
Президент сыбайлас жемқорлық кез келген мемлекеттің дамуына кедергі келтіріп, халықтың билікке деген сеніміне нұқсан келтіретінін айтты.
– Сондықтан менің ұстанымым өзгермейді: кінәлілердің ешқайсысы заң жүзіндегі жауапкершіліктен сытылып кете алмайды. Оған лауазымы да, сіңірген еңбегі де, тіпті ықпалды «қамқоршылары» да көмектеспейді. Заң алдында бәрі бірдей болуға тиіс. Сонда ғана біз реформаларды соңына дейін жеткізіп, ел-жұртымыздың үмітін ақтай аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.