Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» қорының сатып алуды бақылау және мониторингтеу департаментінің директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу бастаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» қорының сатып алуды бақылау және мониторингтеу департаментінің директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын растады. Алайда ведомство оның кім екенін және нақты қандай күдікке ілінгенін хабарламады.
Сондай-ақ бұл қылмыстық істің «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» басшысы Елжас Отыншиевке қатысты тергеумен байланысы бар-жоғы әзірше белгісіз.
– Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, – деп жауап берді ҰҚК.
Контекст
Еске салайық, 11 қарашада ҰҚК қызметкерлері «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» басшысы Елжас Отыншиевті сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұстады. 14 қарашада сот оларды қамауға алуға санкция берді.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұсталымдарды елдегі сыбайлас жемқорлықтың ауқымын көрсететін белгі деп атады.
Ал премьер-министр Олжас Бектенов жекелеген лауазымды тұлғаларға қатысты тергеу әрекеттеріне қарамастан, «Самұрық-Қазына» тобына кіретін компаниялар штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.