Астанада сот екі компаниядан 109 миллион теңгеден астам қаржы жымқырған бас бухгалтерді жеті жылға бас бостандығынан айырды. Алайда әйелдің екі баласы болғандықтан, жазасын өтеу мерзімі бір жылға шегерілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше, әйел 2019-2023 жылдары бір меншік иесіне тиесілі, өзара байланысты екі ЖШС-де бухгалтер, кейін бас бухгалтер болып жұмыс істеген. Оның банк операцияларын жүргізуге арналған кілттері болып, компаниялардың есепшоттарын өзі басқарған. Төлемдерді өзі жасап, өзі растап отырған.
Ақшаны өзіне және жеке кәсіпкерлігіне аударған
Сот мәліметінше, бас бухгалтер бірнеше жыл бойы компаниялардың ақшасын өзінің есепшоттарына және өзі басқаратын жеке кәсіпкерлердің шоттарына аударып келген. Бұл аударымдарға ешқандай келісімшарт немесе өзге де заңды негіз болмаған. Сондай-ақ олар бухгалтерлік есепте тиісті тәртіппен көрсетілмеген.
Әйел келтірілген шығынды өтемеген. Ол өз кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұраған.
Алайда сот жәбірленушілер өкілінің, куәгерлердің айғақтары, сараптама қорытындылары мен заттай дәлелдерді негізге алып, оның кінәсі дәлелденді деген шешімге келген.
Ең төмен жаза тағайындалды
Прокурор әйелді сегіз жылға соттауды сұраған. Сот оған жеті жыл жаза тағайындады. Бұл – аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу бабы бойынша қарастырылған ең төменгі мерзім.
Бұған қоса, әйелге коммерциялық және мемлекеттік ұйымдарда ақша мен мүлікке жауапты лауазымдарды атқаруға 10 жылға тыйым салынды.
Оның балалары 2013 және 2014 жылдары туған. Сот мұны жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерген. Сондықтан әйел жазасын өтеуді бір жылдан кейін бастайды.
Сот компаниялардың талап-арыздарын қанағаттандырды. Үкім әзірше заңды күшіне енген жоқ.