Головкин екі қызметті қатар атқаруына қатысты министр не дейді

Ulysmedia коллажы

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Геннадий Головкиннің Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің басшысы әрі Халықаралық бокс федерациясының президенті қызметтерін қатар атқаруына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Бұл сұрақ ОКҚ-да өткен брифингте қойылды. Ulysmedia редакциясы мұндай жағдайда мүдделер қақтығысы туындамай ма және екі қызметті қатар атқару Қазақстан спортының халықаралық аренадағы мүддесін ілгерілетуге кедергі келтірмей ме деген сауал жолдады.

Бұған жауап берген Ербол Мырзабосынов министрліктің Ұлттық Олимпиада комитетінің жұмысына ешқандай шағымы жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, ведомство мен ҰОК арасында жүйелі байланыс орнаған.

Ал мүдделер қақтығысының туындауы мүмкін бе деген мәселені министр Халықаралық Олимпиада комитетінің құзыретіне жатқызды. Сондай-ақ мұндай жағдайлар өзге елдерде де кездесетінін атап өтті.

– ҰОК жұмысына қатысты ешқандай сұрағымыз жоқ. Арамызда нақты байланыс орнап, жүйелі жұмыс жолға қойылған. Ал мүдделер қақтығысы мәселесі Халықаралық Олимпиада комитетінің құзыретіне жатады. Мұндай жағдайлар басқа елдерде де бар, – деді министр.

Контекст

Еске салайық, Геннадий Головкин 2024 жылдың ақпанында Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің басшысы атанды. ҰОК-нің кезектен тыс бас ассамблеясында ол ұйым президенті болып төрт жыл мерзімге сайланды.

Арада бір жарым жыл өткен соң, 2025 жылдың қарашасында Головкин тағы бір басшылық қызметке тағайындалды. Ол халықаралық World Boxing бокс федерациясының президенті болып сайланды.

Бұған дейін мемлекеттік телеарнада 15 жыл жұмыс істеген журналист Аслан Қаженов даудың ортасында қалған еді. Тілшінің айтуынша, Қазақстан спортындағы мәселелерді жариялауға қатысты талпынысы оның мансабы мен жеке қауіпсіздігіне қатер төндірген.

Сізге қызық болуы мүмкін