Елімізде демалыс күндері ауа райы күрт өзгереді

ЖИ/ Ulysmedia

Демалыс күндері Қазақстанның басым бөлігіне солтүстік-батыстан бірнеше циклон келеді. Елдің батысында, солтүстік-батысында және солтүстігінде жаңбыр мен қар жауады. Солтүстік өңірлердің жолдарында көктайғақ болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Әуелі қолайсыз ауа райы елдің батыс өңірлерінде байқалады. Кейін солтүстік-батыс пен солтүстікке таралады.

– Республиканың шығысында ғана жауын-шашынсыз ауа райы сақталады, – деп хабарлады синоптиктер.

Ел аумағында жел күшейіп, кей жерлерде тұман түседі. Алдағы күндері ауа температурасы айтарлықтай өзгермейді.

Бұған дейін

20 қарашада Қазгидромет Қазақстанның басым бөлігіне дауылды ескерту жариялаған еді. Желдің екпіні әсіресе Жамбыл облысында қатты болады деп болжанды. Түнде және таңертең желдің екпіні секундына 23-28 метрге дейін жетуі мүмкін.

Түркістан облысында найзағай ойнап, жаңбыр жауады деген болжам жасалды.

Өскемен, Риддер және Павлодар қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты бірінші дәрежелі ескерту жарияланды. Павлодарда осы жағдайларға байланысты ауаның ластануы күшеюі мүмкін.

Бұған дейін синоптиктер Қазақстанда қараша айындағы орташа ауа температурасы климаттық нормадан 2 градусқа жоғары болады деп болжаған. Атап айтқанда, айлық орташа температура Астанада −3,6, Алматыда +5,4, Шымкентте +8,7 градус болады.

Солтүстік және шығыс облыстарда жауын-шашын мөлшері әдеттегіден көп болады. Айдың соңына қарай елордада түнгі ауа температурасы −10…−15 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.

Сізге қызық болуы мүмкін