Түркияда тағы жер сілкініп, 3 адам қаза тапты

Ulysmedia

Түркияда тағы да қуатты жер сілкінісі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Елдің Ішкі істер министрі Сүлейман Солудың хабарлауынша, Хатайда жер сілкінісінен 3 адам қаза тапқан. 294 адам зардап шеккен. Түркияның Денсаулық сақтау министрлігі 18 науқастың жағдайын ауыр деп бағалап отыр.

Түркия вице-президенті Фуат Октайдың сөзінше, Дефне ауданында болған 6,4 балдық жер сілкінісінен соң 20 тербеліс тіркелген.

Еске салайық, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысындағы Кахраманмараш провинциясында 7,7 және 7,6 балдық жер сілкінісі болды. Жүздеген жер сілкінісімен жалғасқан зілзала елдің 10 провинциясы мен көршілес мемлекеттерде сезілді, оның ішінде Сирия ең көп зардап шеккен.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Түркияның жойқын зілзаладан зардап шеккен аудандарында қаза тапқандарды жерлеуге орын табылмай жатыр. Мәйіттердің көптігі сонша, имамдар бір уақытта ондаған құрбандар үшін жаппай жерлеу рәсімін өткізуге мәжбүр. Ал көрші ауылдар мен Ыстамбұлдан қаза тапқандарды жерлеу үшін табыттар әкелініп жатыр.

Полиция мен еріктілер туыстарына қайтыс болғандарды анықтауға және жерлеуге көмектесуде. Сонымен қатар белгісіз құрбандардан ДНҚ үлгілерін жинайды, өйткені оларды кейінірек туыстары таба алмай қалуы мүмкін.