Қазақстандағы ең ірі уран өндіруші компанияның басқарушы командасы жеті ай ішінде екі есе қысқарды. Топ-менеджерлердің ұсталғаны туралы ақпарат тарағаннан кейін «Қазатомөнеркәсіп» сайтынан тағы екі басшының фотосуреті мен өмірбаяны алынып тасталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
25 қараша күні таңертең «Қазатомөнеркәсіптің» ресми сайтындағы «Басқарма» бөлімінде төрт адамның ғана аты-жөні қалды. Компанияны бұрынғысынша Мейіржан Юсупов басқарады. Оның экономика және қаржы мәселелеріне жауапты бір орынбасары – Марат Төлеубаев бар.
Стратегия және халықаралық даму бағытына Дастан Көшербаев, сатып алу және жалпы мәселелерге Дархан Сағындықов жауап береді.
Басқарма құрамынан өндіріс жөніндегі бас директор Қуаныш Омарбеков пен коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байғожин шықты. Директорлар кеңесі олардың өкілеті мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешімді 24 қарашада қабылдаған.
Әзірше бұл лауазымдарға жаңа басшылар тағайындалған жоқ. Олардың міндеттері басқарма мүшелері арасында бөлінді.
Басқарма құрамы сиреп барады
Бұл – бір жыл ішінде «Қазатомөнеркәсіп» басшылығы құрамының екінші рет қысқаруы. Сәуір айында басқарма құрамынан Жанат Өмірбеков пен Ермек Қуантыров шығарылған еді. Ол кезде компания бұл шешім корпоративтік басқаруды жетілдіру мақсатында қабылданғанын түсіндірген.
Бұл жолы кадрлық өзгерістердің себебі айтылмады.
ҰҚК Қуаныш Омарбековтің өкілеті тоқтатылардан бір күн бұрын ұсталғанын растады. Тергеу нұсқасы бойынша, ол және басқа да күдіктілер «Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деп күдікке ілінген.
Атом компаниясының төрт топ-менеджері ұсталғаны туралы алғаш болып Ulysmedia.kz дереккөздері хабарлаған еді. ҰҚК қалған ұсталғандардың аты-жөнін жариялаған жоқ.
Қордың бұрынғы басшылығымен байланыс
Айта кетейік, «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясының бұрынғы басшылары Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отыншиев қазір қамауда отыр. Олардың ұсталғаны туралы 12 қарашада белгілі болды. Екі күннен кейін сот екеуін де қамауға алуға санкция берген.
Бір қызығы, Жақыпов пен Отыншиевтің еңбек жолы «Қазатомөнеркәсіппен» тығыз байланысты. Қор басшысы болып тағайындалғанға дейін Жақыпов атом компаниясында жұмыс істеп, даму және инвестиция мәселелерімен айналысқан.
Ал Отыншиев «Самұрық-Қазынаның» мүддесін «Қазатомөнеркәсіп» директорлар кеңесінде қорғаған. Биыл маусымда ол осы органның құрамына қайта сайланды.
«Самұрық-Қазына» қоры ұлттық атом компаниясының ең ірі акционері саналады.