«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры топ-менеджерлерін ұстау жалғасып жатыр. Бұл жолы әңгіме «Қазатомөнеркәсіптің» жоғары лауазымды басшыларына қатысты. Ulysmedia.kz редакциясы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне және қордың директорлар кеңесінің төрағасы, премьер-министр Олжас Бектеновке ресми сауал жолдады. Жауап келгенше біз компанияның тарихына да шолу жасауды жөн көрдік.
Қазақстан уран өндіруден қалайша әлемдік көшбасшыға айналды? Бұл жетістікке Мұхтар Жәкішев пен Владимир Школьник қандай үлес қосты? Ал бүгінде елдегі ең құнды активтердің бірін кім басқарып отыр?
«ҚАЗАТОМӨНЕРКӘСІПТІҢ» ІРГЕСІ ҚАЛАЙ ҚАЛАНДЫ?
Тоқсаныншы жылдардың соңында Қазақстанның әлемдегі атом электр станцияларына уран жеткізетін ірі елге айналатынын болжағандар аз еді. Еліміздегі уран қоры туралы бұрыннан белгілі болғанымен, жер қойнауындағы байлықты иелену бір бөлек те, оны тиімді игеріп, пайдаға жарату бір бөлек.
1997 жылғы шілдеде Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы құрылды. Шамамен бір жылдан кейін оның тізгінін Мәскеу инженерлік-физика институтын бітірген 35 жастағы Мұхтар Жәкішев ұстады. Қазақстанның уран державасына айналуын әлі күнге дейін көпшілік оның есімімен байланыстырады.
Жәкішев басшылыққа келгенде салада жағдай мәз емес еді. Кеңес Одағы тараған соң өндірістік байланыстар үзілді, кәсіпорындар жаңғыртуды қажет етті. Қазақстан енді уранын өткізетін нарықты өзі іздеп, әлемдегі ірі компаниялармен келіссөз жүргізуге тиіс болды. Жәкішев шетелдік компаниялармен бірлескен кәсіпорындар құруға және уран өндіру көлемін ұлғайтуға басымдық берді. Соның нәтижесінде Қазақстанға атом өнеркәсібіндегі әлемдік алпауыттар келе бастады.
Алайда «Қазатомөнеркәсіптің» сол кездегі басшысы Қазақстан тек шикізат жеткізуші ел болып қалмауы керек деп санады. Ол атом саласындағы табыс әкелетін барлық бағытты игеруге мүдделі болды. Тіпті шетелдік атом электр станцияларына отын өндіруді де көздеді.
КОМПАНИЯ ҚАРЫШТАДЫ, АЛ БАСШЫСЫ...
2009 жылғы мамырда Қазақстанның ұлттық компаниялары тарихындағы ең шулы оқиғалардың бірі болды. Мұхтар Жәкішев қызметінен алынып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері оны тұтқындады. Кейін ол 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Жәкішев тағылған айыпты мойындаған жоқ.
Бір қызығы, дәл сол жылы Қазақстан уран өндіруден Канада мен Аустралияны басып озып, әлемде бірінші орынға шықты. Саланың жылдар бойы жинаған жетістігін енді басқа басшы жалғастыруға тиіс еді.
Жәкішев түрмеде 11 жылға жуық отырды. 2020 жылғы наурызда шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды. Бұл уақыт аралығында компания басшылығы бірнеше рет ауысып үлгерген.
ҮКІМЕТТЕН КЕЛГЕН МАМАН
Жәкішевтің орнына Владимир Школьник келді. Ол да Қазақстанның атом өнеркәсібі тарихындағы елеулі тұлғалардың бірі. Екеуі де Мәскеу инженерлік-физика институтын тәмамдағанымен, еңбек жолдары екі түрлі бағытта өрбіді. Жәкішев бизнес саласында танылса, Школьник еңбек жолын Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында бастап, БН-350 жылдам нейтронды реакторымен жұмыс істеді. Кейін ғылыммен айналысып, мемлекеттік қызметке ауысты.
«Қазатомөнеркәсіпке» келгенге дейін үкімет құрамында қызмет атқарып, ғылым, энергетика және өнеркәсіп салаларына жауапты мемлекеттік органдарды басқарған.
Школьник тұсында компания уран өндіру көлемін арттырып, шетелдік серіктестермен байланысын нығайтты, бизнестің жаңа бағыттарын игерді. 2014 жылы Владимир Школьник Энергетика министрі болып тағайындалды.
«ҚАЗАТОМӨНЕРКӘСІПТЕН» – МИНИСТРЛІККЕ, МИНИСТРЛІКТЕН – КОМПАНИЯҒА
Компанияны әр жылдары басқарған тұлғалардың өмірбаянына үңілсек, бір жайт анық байқалады: «Қазатомөнеркәсіп» әуелден биліктің жоғары эшелондарымен тығыз байланыста болған. Бірі үкіметтен келсе, енді бірі компаниядан мемлекеттік жоғары лауазымға ауысып отырған.
2014 жылы Школьниктің орнына Нұрлан Қаппаров келді. Ол кәсіпкер ретінде танылған, бұған дейін Қоршаған орта және су ресурстары министрі болған. Алайда 2015 жылғы наурызда Қытайға жұмыс сапары кезінде 44 жасында кенеттен қайтыс болды. Атом компаниясын небәрі бірнеше ай басқарды.
Одан кейін бұл қызметке қазақстандықтарға «Қазақтелеком» мен Байланыс және ақпарат министрлігіндегі жұмысынан таныс Асқар Жұмағалиев келді. Екі жылдан соң ол үкіметке оралып, премьер-министрдің орынбасары болды.
2017 жылы «Қазатомөнеркәсіп» тізгінін Ғалымжан Пірматов ұстады. Дәл оның тұсында компания халықаралық қор нарығына шықты. 2018 жылғы қарашада компанияның бағалы қағаздары Лондон қор биржасында және Астана халықаралық биржасында саудалана бастады. Осылайша ұлттық компания басшылығы енді өз жұмысының нәтижесі үшін мемлекет алдында ғана емес, жеке инвесторлар алдында да есеп беруге тиіс болды.
«Қазатомөнеркәсіптен» кеткен соң Пірматов Ұлттық банкті басқарды. Одан кейін компанияға Мәжит Шәріпов пен Ержан Мұқанов басшылық етті. Екеуі де атом саласын жақсы білгенімен, әрқайсысы бұл қызметте бір жылдан сәл ғана астам уақыт отырды. 2023 жылғы қазанда «Қазатомөнеркәсіп» басшылығы Мейіржан Юсуповқа сеніп тапсырылды.
ЮСУПОВТЫҢ КОМПАНИЯҒА ҚАЙТА ОРАЛУЫ
Юсупов үшін бұл бұрыннан жақсы таныс компанияға қайта оралу еді. Ол мұнда бұған дейін он жыл еңбек еткен. Алайда Жәкішев пен Школьниктен айырмашылығы, Юсупов физик емес, экономист. Түркия мен Ұлыбританияда білім алған, банк саласында және «Самұрық-Қазына» қорында жұмыс істеген.
2010 жылы «Қазатомөнеркәсіпке» келіп, кейін компанияның қаржы блогын басқарды. Одан соң Ұлттық экономика вице-министрі қызметін атқарып, Kazakh Invest ұлттық компаниясына жетекшілік етті.
Юсупов «Қазатомөнеркәсіпке» қайта келгенде 44 жаста еді. Бірақ оның алдында тоқсаныншы жылдардың соңында Жәкішев қабылдап алған компаниядан мүлде басқа кәсіпорын тұрды. Ол кезде басты міндет әлемдік нарыққа шығу болса, енді сол нарықтағы көшбасшылықты сақтап қалу қажет еді.
2026 жылғы қараша айының басында Қасым-Жомарт Тоқаев Мейіржан Юсуповты қабылдады. Кездесуде Қытай мен Үндістанға уран жеткізу жөніндегі жаңа келісімшарттар, уранның мемлекеттік стратегиялық қорын құру, жаңа кен орындарын барлау және сирек кездесетін металдарды өндіру мүмкіндіктері талқыланды.
Арада бірнеше апта өткенде Юсуповтың командасындағы адамдар ұсталғаны туралы ақпарат тарады.
БАСҚАРМА ҚҰРАМЫНДА КІМДЕР БАР?
«Қазатомөнеркәсіптің» қазіргі басқарма құрамына көз жүгіртсек, басшылардың жасы бірден назар аудартады. Бұл – Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары қызмет жолын қалыптастырған жаңа буын менеджерлері.
Юсуповтың бірінші орынбасары – Марат Төлеубаев. Оның да қаржы саласында мол тәжірибесі бар. Еңбек жолында «Қазына» және «Самұрық-Қазына» қорларында, «Қазатомөнеркәсіпте» он жыл бойы қызмет атқарған. Сондай-ақ Қазақстанның инвестициялық даму қорын басқарған. 2024 жылғы желтоқсанда атом компаниясы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды.
Өндіріс бағытына күні бүгінге дейін Қуаныш Омарбеков жауап берді. Ол атом саласында 2011 жылдан бері еңбек етті. Уранды тасымалдаумен және тікелей өндірумен айналысатын кәсіпорындарды басқарған. Алайда бүгін оның сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен ұсталғаны белгілі болды.
Стратегия мен халықаралық даму мәселелерін Дастан Көшербаев үйлестіреді. «Қазатомөнеркәсіпте» 2016 жылдан бері жұмыс істейді. Бизнесті дамыту бағытында еңбек еткен, қазақ-француз бірлескен уран өндіруші «КАТКО» кәсіпорнында да тәжірибе жинаған.
Сатып алу жұмыстарына Дархан Сағындықов жауапты. Оның еңбек жолының едәуір бөлігі «Самұрық-Қазына» тобына кіретін кәсіпорындармен байланысты.
Қордан келген тағы бір басшы – Владислав Байгужин де бүгін Омарбековпен бірге басқарма құрамынан шығарылды.
Биылғы сәуірге дейін «Қазатомөнеркәсіп» басқармасының құрамында Жанат Өмербеков пен Ермек Қуантыров та болған. Алайда директорлар кеңесі корпоративтік басқаруды жетілдіруді алға тартып, басқарма мүшелерінің санын сегізден алтыға дейін қысқарту туралы шешім қабылдады.
Осылайша, Ulysmedia.kz дереккөздерінің басқарма деңгейіндегі төрт топ-менеджердің ұсталғаны туралы ақпараты расталса, бұл ұлттық компанияның басшылық құрамының басым бөлігіне қатысты мәселе болуы мүмкін. Әзірге ұсталғандардың аты-жөні ресми түрде жарияланған жоқ.
ТАНЫС ЕСІМДЕР
«Самұрық-Қазына» төңірегіндегі соңғы оқиғаларға байланысты «Қазатомөнеркәсіп» тарихында кездесетін тағы бірнеше есімді еске алған жөн. Ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы болып тағайындалғанға дейін Нұрлан Жақыпов атом компаниясында жұмыс істеп, даму және инвестиция мәселелеріне жетекшілік еткен.
Ал қазір жұрттың көбі ҚТЖ-ның бұрынғы басшысы ретінде танитын Елжас Отынышев «Самұрық-Қазынаның» мүддесін «Қазатомөнеркәсіптің» директорлар кеңесінде қорғаған. Биыл маусымда ол кеңес құрамына қайта сайланды.
«Қазатомөнеркәсіптің» директорлар кеңесінде Ulysmedia.kz оқырмандарына таныс тағы бір есім бар. Тәуелсіз директор Нодир Сидиков сонымен бірге британдық Fieldfisher заң фирмасының серіктесі. Бұған дейін біз осы заң фирмасының Қазақстанның ұлттық компанияларымен ынтымақтастығы туралы жазған едік.
«Қазатомөнеркәсіптің» директорлар кеңесін Арман Арғынғазин басқарады. Маусымда акционерлер оның өкілеттігін тағы үш жылға ұзартты. Компания басқармасының мүшелерін тағайындау туралы шешімді дәл осы директорлар кеңесі қабылдайды. Сондай-ақ ол атқарушы органның жұмысын қадағалайды.
УРАН ҚАЛАЙ ҮЛКЕН БИЗНЕСКЕ АЙНАЛДЫ?
«Қазатомөнеркәсіптің» ауқымын бір ғана көрсеткіштен аңғаруға болады: 2025 жылы әлемде өндірілген табиғи уранның шамамен әрбір бесінші келісі осы қазақстандық ұлттық компанияның үлесіне тиесілі болды. Мұнда Қазақстан аумағында жұмыс істейтін бірлескен кәсіпорындардағы шетелдік серіктестердің үлесі есепке алынбаған.
Бір қызығы, уран өндіру көлемі орасан болғанымен, Қазақстанда көмір разрездері секілді алып уран карьерлері жоқ. Өйткені еліміздегі кен орындарының ерекшелігі уранды жерасты ұңғымалық шаймалау әдісімен өндіруге мүмкіндік береді. Қарапайым тілмен айтқанда, арнайы ерітінді жер астына айдалып, оның көмегімен уран кеннен ажыратылады. Содан кейін уран араласқан ерітінді жер бетіне қайта шығарылады. Бұл тәсіл ауқымды жер қазу жұмыстарын жүргізбей-ақ кен өндіруге мүмкіндік береді.
Бүгінде «Қазатомөнеркәсіп» пен оның еншілес кәсіпорындары 27 кен орнын игеріп отыр. Компанияның Швейцарияда сауда құрылымы бар, ал өнімдері Азия, Еуропа және Америка елдеріне жеткізіледі.
2026 жылдың алғашқы жартысында компанияның кірісі 718 миллиард теңгеге жуықтаса, таза пайдасы 240 миллиард теңгеден асты. Ал биыл наурызда президентке ұсынылған мәліметке сәйкес, 2018 жылы халықаралық қор биржаларына шыққалы бері «Қазатомөнеркәсіптің» нарықтық құны жеті еседен астам өскен.
Тамыз айында Мейіржан Юсупов арзан уран дәуірі аяқталып келе жатқанын мәлімдеді. Атом энергетикасын дамытуға ниетті елдер көбейген сайын Қазақстанның уранына деген сұраныс та арта түспек.
ОТЫЗ ЖЫЛҒА ЖУЫҚ ЖОЛ
Келесі жылы «Қазатомөнеркәсіптің» құрылғанына 30 жыл толады. Осы уақыт ішінде компания әлемдік нарықтан өз орнын іздеген кәсіпорыннан уран өндіруден көш бастаған алпауытқа айналды.
Енді Қазақстанның өзі де атом электр станцияларын салуды көздеп отыр. Демек, арада ондаған жыл өткенде ел алдына бұрынғы сұрақтар қайта шықты: уранды шикізат күйінде сатумен шектелмей, оны өңдеу арқылы да табыс табу үшін ен істеу керек? Өзіміздің атом технологияларын қалай дамытамыз?
Әрине, біз «Қазатомөнеркәсіп» туралы кезекті қылмыстық істер туралы емес, жаңа кен орындары, ғылыми жаңалықтар мен миллиардтаған келісімшарттар жайлы жиі жазғымыз келеді.
Ал әзірге Ulysmedia.kz редакциясы ресми сауалдарына жауап күтіп отыр.