Шарлапаев «Самұрық-Қазынадағы» жемқорлықтың іскерлік ахуалға әсері туралы айтты

Ulysmedia коллажы

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Қанат Шарлапаев «Самұрық-Қазына» қоры мен оның еншілес ұйымдарының топ-менеджерлерінің ұсталуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Астанада өткен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының съезі аясында Ulysmedia.kz тілшісі Қанат Шарлапаевтан қор төңірегіндегі сыбайлас жемқорлық даулары, соның ішінде әлемдік БАҚ-тың да назарын аударған доллар салынған шабадандар оқиғасы Қазақстанның инвестициялық және іскерлік ахуалына қалай әсер етуі мүмкін екенін сұрады.

Ұлттық палата басшысы мұндай оқиғалардың іскерлік ортаға кесірін тигізетінін мойындады.

– Сұрағыңызға өзіңіз жауап бердіңіз. Әрине, бәріміз сыбайлас жемқорлыққа қатысты жаңалықтарды көрдік. Мемлекеттік органдар мен басқа да тараптар бұл жағдайларға өз бағасын берді. Менің бұған қосарым жоқ. Бір нәрсені түсінуіміз керек: сыбайлас жемқорлық іскерлік және инвестициялық ахуалға кесірін тигізеді. Бұл пікірмен толық келісемін. Алдағы уақытта мұндай жағдайлар қайталанбайды деп үміттенеміз, – деді ол.

Контекст

Еске салайық, 11 қарашада ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты, «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысы Елжас Отыншиевті және басқа да адамдарды ұстады. Олар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінді.

14 қарашада тергеу соты Жақыпов пен Отыншиевті қамауға алуға санкция берді. Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Ұсталғандар туралы ақпарат тарағаннан кейін әлеуметтік желілерде Астанадағы «Атлант» тұрғын үй кешенінің маңында шашылып жатқан ақша мен шабадандар бейнеленген видео және фотосуреттер жарияланды.

Бүгін, 25 қарашада ҰҚК «Қазатомөнеркәсіп» басқарма мүшесі Қуаныш Омарбековті және осы іске қатысы бар басқа да адамдарды ұстағаны белгілі болды. Тергеу нұсқасы бойынша, олар «Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінген.

Сізге қызық болуы мүмкін