Қазақстанның мемлекеттік аппаратын кім реформалайды

Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік басқару жүйесін реформалау жөніндегі комиссияның құрамын бекітті. Комиссияға Президент әкімшілігінің басшысы Роман Скляр жетекшілік етеді. Ол үкіметтен бастап ауыл әкімдеріне дейінгі бүкіл мемлекеттік аппаратты қамтитын реформамен айналысады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Президент «Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа қол қойды.

Ақорданың мәліметінше, комиссия мемлекеттік басқару реформасының тәсілдерін әзірлеп, оны жүзеге асыру жөніндегі кешенді жоспарға енгізілетін ұсыныстарды қарайды.

Комиссияның жұмыс органы ретінде Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі белгіленді. Агенттік қажетті материалдарды әзірлеп, комиссияның жұмысын ұйымдастырады.

Комиссия құрамына кімдер кірді?

Комиссия құрамында 21 адам бар. Олардың 15-і мемлекеттік органдарда қызмет етеді.

Роман Склярдың орынбасары болып президенттің кеңесшісі, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің басшысы Әсет Ырғалиев тағайындалды. Ал комиссия хатшысы қызметін оның орынбасары Айгүл Шаимова атқарады.

Президент әкімшілігінен комиссия құрамына басшының орынбасары Ержан Жиенбаев пен президенттің көмекшісі Қуанышбек Есекеев те енді.

Үкімет атынан комиссия жұмысына үш вице-премьер қатысады. Олар – Үкімет аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаев, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин және Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Алайда комиссия мүшелерінің тізімінде премьер-министр Олжас Бектенов жоқ.

Сондай-ақ комиссия құрамына Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшысы Дархан Жазықбай және әділет министрі Ерлан Сәрсембаев кірді.

Өңірлер атынан төрт әкім өкілдік етеді. Олар – Астана әкімі Жеңіс Қасымбек, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов және Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов.

Құрылтай атынан комиссия жұмысына депутаттар Шахмардан Байманов, Сұңғат Есімханов, Шолпан Кәрінова және Екатерина Смышляева қатысады.

Қазақстанның Халық кеңесінен «Қазақтелеком» басқарма төрағасы Бағдат Мусин мен бұрынғы сенатор Андрей Лукин комиссия құрамына енді.

Комиссия отырыстарына орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ басқа да ұйымдардың өкілдері шақырылуы мүмкін.

Сізге қызық болуы мүмкін